Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші маусымын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісімен қойылған «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашты.
Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі туындысы алғаш рет балетке арқау болып, театр сахнасында жаңа қырынан көрініс тапты. Қойылымға театрдың балет труппасы, симфониялық оркестрі, опера солистері мен хоры қатысты. Қылқобыздың қоңыр үні қойылымның музыкалық мазмұнын тереңдете түседі.
Басты партияларды Ақбала рөлінде Милана Рахимбекова, Еламан рөлінде Архат Әшірбек, Тәңірберген рөлінде Рүстем Иманғалиев орындады. Балетті Қазақстан, Германия, Италия және Ресейден келген мамандардан құралған халықаралық шығармашылық топ сахналады.
Қойылым саналы ғұмырын Абай атындағы театрмен байланыстырып, отандық балет өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі өнер майталмандары Людмила Рудакова мен Эдуард Мәлбеков рухына арналды.
Жаңа маусымның ашылуына орай театр тарихы мен ұлттық өнердің көрнекті тұлғалары туралы сыр шертетін жаңартылған интерактивті музей де таныстырылды. Экспозицияда Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Ахмет Жұбанов, Дәурен Әбіров және басқа да өнер қайраткерлеріне қатысты материалдар қойылған.
Музей қоры қазақстандық театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Колоденконың сирек туындысымен де толықты. Балерина бейнеленген картина театрға сыйға тартылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі