
Қазақстанда Отбасы күніне арналған апталық жалғасып жатыр. 10 қыркүйекте «Дені сау ұрпақ: бірге өсеміз» тақырыбы аясында балалар мен жастардың денсаулығы, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі және баланың дамуы секілді мәселелер кеңінен айтылды.
БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, балалардың денсаулығы, дұрыс тамақтануы, ұйқы тәртібі мен күтімі жөнінде ата-аналарға ақпарат берілді.
Баланың мектепке дейінгі тәрбиесі мен балабақшаға бейімделуі де негізгі тақырыптардың бірі болды. Ата-аналар үшін «Отбасы және балабақша: баланың алғашқы дербес қадамдары» тақырыбында кездесулер өтті.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ашық есік күндері ұйымдастырылды. Ата-аналар балабақшадағы жағдаймен, білім беру және тәрбие жұмысының ерекшеліктерімен танысып, мамандардан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Репродуктивті денсаулық тақырыбы да назардан тыс қалмады. Медициналық мекемелердегі ашық есік күндерінде жастарға аурудың алдын алу, жүктілікті саналы түрде жоспарлау және сәби сүюге дайындық жөнінде ақпарат берілді.
Сонымен қатар «Телефондағы отбасы» ақпараттық жобасы аясында интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллинг пен цифрлық тәуелділіктің алдын алу мәселелері түсіндірілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі