«Қазақконцерт» жетекші өнер ұжымдарының қатысуымен 66-шы концерт маусымын ашты

«Қазақконцерт» жетекші өнер ұжымдарының қатысуымен 66-шы концерт маусымын ашты

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 66-шы концерт маусымын бастады. Биылғы маусым көрнекті композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына орай ашылды.

Кеш бағдарламасы ұлттық музыка, дәстүрлі ән-күй, опера, классикалық және эстрадалық шығармаларды қамтыды. Концерт Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауындағы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан алынған «Би сюитасымен» басталды. Сондай-ақ қазақ операсынан попурри, «Алтын арқа», «Ән шашу», «Заман», «Сарыарқа», «Қарлығаш» және басқа да шығармалар орындалды.

Жаңа маусымның ашылуына Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, G-band тобы, «Birlik» би ансамблі және «Қазақконцерттің» өзге де шығармашылық ұжымдары қатысты.

Маусымның ашылуына Алматыдан «Қазақконцерттің» Алматы филиалының әртістері арнайы келді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова бар.

Сахна төрінде мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаттары, белгілі өнерпаздар мен жас орындаушылар да өнер көрсетті. Кешке Медет Шотабаев, Серік Еркімбеков, Айгүл Елшібаева, Айзада Қапонова, Айзат Қарабек, Азат Мәлік және басқа да өнерпаздар қатысты.

Концерт барлық қатысушының орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнімен аяқталды. Кеш соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан өнерпаздарға гүл шоқтары табысталды.

66-шы концерт маусымында «Қазақконцерт» дәстүрлі музыка, эстрада, классика және театр өнерін қамтитын жаңа жобаларды ұсынады. Бағдарламада Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған мерейтойлық кештер, сондай-ақ Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналған іс-шаралар бар.

Республика күніне орай «Біздің жәрмеңке» концерттік бағдарламасы өтеді. Ал «Astana Musical» мемлекеттік театры екі жаңа қойылымның премьерасын сахналайды.

Жаңа маусымда ұлттық музыкалық мұраны кеңінен дәріптеуге де басымдық беріледі. «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы еліміздің әр өңіріне тән дәстүрлі ән-күй, жыр-дастандарға арналған концерттік бағдарламалар циклін бастайды.

Маусымның екінші жартысында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі әлемдік классика жауһарларынан абонементтік концерттер сериясын өткізеді. Оның ішінде балаларға арналған арнайы бағдарламалар да бар.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі