Әбілхан Қастеев музейінде балаларға арналған «Абайдың даналық жолы» танымдық квесті өтті

Әбілхан Қастеев музейінде балаларға арналған «Абайдың даналық жолы» танымдық квесті өтті

10 тамыз – Абай күні қарсаңында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Абайдың даналық жолы» атты танымдық квест ұйымдастырылды.

Жас қатысушылар қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы Абайдың болмысы мен рухани әлеміне үңілді. Әбілхан Қастеевтің «Жас Абайдың портреті», Сәрсенбай Бейсенбаевтың «Абай портреті» және Тоқболат Тоғысбаевтың «Абай. Ойшыл» картиналары балаларға ақын тұлғасын әр қырынан танытты.

Әр туынды квестің танымдық мазмұнын толықтырып, балаларға ақын мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

Квест барысында балалар ақынның өмірбаяны, өлеңдері мен «Қара сөздері» бойынша түрлі тапсырмаларды орындап, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ Абай мұрасының негізгі ой-тұжырымдарымен танысты.

Әдебиет пен бейнелеу өнерін сабақтастырған танымдық квест арқылы балалар Абай мұрасына деген қызығушылығын арттырып, ел тарихы мен рухани мәдениеті жөнінде білімін толықтыра түсті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі