Ақтауда Каспийдің экожүйесін сақтауға бағытталған Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-шаралар апталығы басталды

Ақтауда Каспийдің экожүйесін сақтауға бағытталған Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-шаралар апталығы басталды

Ақтауда Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-шаралар апталығының ресми ашылуы өтті. Апталық 6-12 тамыз аралығында ұйымдастырылады.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтіп жатыр. Апталыққа Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген делегациялар, БҰҰ Волонтерлері бағдарламасының (UN Volunteers) штаб-пәтерінің өкілдері, Каспий теңізі жөніндегі Тегеран конвенциясының, халықаралық экологиялық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірінен келген волонтерлер жиналды.

Апталық аясында халықаралық экологиялық акциялар, сарапшылар кездесулері, тақырыптық сессиялар, хакатон, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Олардың барлығы экологиялық волонтерлікті дамытуға және тұрақты даму бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Іс-шаралар апталығы 12 тамызда өтетін Caspian Talks халықаралық волонтерлер саммитімен аяқталады. Саммитте өңірдегі өзекті экологиялық мәселелер талқыланып, апталықтың қорытындысы шығарылады.

Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық әріптестікті кеңейтуді, волонтерлік қауымдастықты дамытуды, Каспий теңізінің экожүйесін сақтауды және өңірдегі мәселелерге қоғам назарын аудартуды көздейді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі