
Абай облысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және Қазақстанның Азаматтық альянсының қолдауымен шағын гранттар аясында қолдау тапқан алғашқы жобалар жүзеге асырыла бастады. Жергілікті бастамаларды қолдауға бағытталған жоба экологиялық сананы қалыптастыру мен тарихи-мәдени мұраны дәріптеуді көздейді.
Өңірдегі алғашқы жобалардың бірі – «Таза Қазақстан – таза Ақсуат». «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігінің бастамасы ауыл тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлық танытуға шақырады. Осы бағытта «Жасыл ел» жастар жасағының қатысушыларымен бірлесіп алғашқы экологиялық акциялар өткізілді. Жобаға кемінде 300 тұрғын қатысады деп жоспарланған.
Өңірдегі тағы бір маңызды бастама – Жарма ауданындағы Шалабай ауылында қолға алынған «Ұлы Дала Ізі» жобасы. «Келешек-Будущее» қоғамдық бірлестігі іске асырып жатқан жобаның мақсаты – көне қорғандарды сақтап, туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныту.
Жоба тобы бүгінде өңірдің тарихы мен археологиялық мұрасына қатысты тың деректі жинап, жүйелеп жатыр. Алдағы уақытта сол мәлімет негізінде танымдық материалдар әзірленіп, тарихи орындардың шежіресімен таныстыратын QR-коды бар ақпараттық тақталар қойылады. Сонымен бірге ауыл тұрғындары, оқушылар мен жастар үшін тарихи-танымдық кездесулер өткізіліп, өлкетану сапары ұйымдастырылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі