
Астанада Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жаңа тетіктеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен Фридрих Эберт атындағы қор және «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп, Үкімет қаулысын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды.
Баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Светлана Имашева, Бас прокуратураның, Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, сарапшылар, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы заңнама жетілдіріліп, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік қызметтердің және дағдарыс орталықтарының жұмысы күшейтілгені айтылды.
Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге арналған психологиялық түзету бағдарламасының алғашқы нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар интервенциялық қолдаудың ұлттық үлгісін қалыптастыру және зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Кездесу қорытындысында Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін одан әрі дамыту мақсатындағы алдағы міндеттер айқындалды.
Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау жүйесінің, құқық қорғау құрылымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылардың бірлескен жұмысы ғана нәтижеге жеткізетінін атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі