Sarap эксперттік клубының мүшелері жаңа Конституцияны іске асыруға қатысты ұсыныстарын білдірді

Sarap эксперттік клубының мүшелері жаңа Конституцияны іске асыруға қатысты ұсыныстарын білдірді

Қазақстандық қоғамдық даму институтында Sarap эксперттік клубының «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы отырысы өтті. Іс-шараға академиялық қауымдастық, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында сарапшылар Ата Заң ережелерін іске асыру, конституциялық институттарды дамыту, құқық үстемдігін нығайту, сондай-ақ елдегі өзекті өзгерістерді сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеудегі кәсіби қауымдастықтың рөлін талқылады. Осы бағыттардағы жұмысты одан әрі күшейтуге арналған нақты ұсынымдар мен бастамалар ортаға салынды.

Спикерлер жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару мен стратегиялық жоспарлаудың жаңарған жүйесін қалыптастырып, ел дамуының құндылықтық бағдарларын айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар құжат мемлекеттілік пен егемендікті нығайтуға ықпал етіп, «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын арттыратынына назар аударылды.

Отырыс қатысушылары Қазақстан тарихында алғаш рет жаңа Конституцияда адами капитал, білім, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде тікелей бекітілгенін атап өтті.

Сондай-ақ пікірталас барысында мектептер мен жоғары оқу орындарында балалар мен жастарға сапалы құқықтық білім беру, олардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мәселелері қозғалды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі