
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын шағын гранттар байқауының үздік жобаларының іске асырылып жатқанын хабарлайды.
Биыл азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған, әрқайсысының көлемі 1 миллион теңгені құрайтын шағын гранттар байқауына 520 өтінім келіп түсті. Іріктеу нәтижесінде сегіз бағыт бойынша 96 жоба үздік деп танылып, бүгінде оларды іске асыру кезеңі басталды.
Қазір грант иегерлері өңірлерде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, алғашқы іс-шараларын өткізіп жатыр. Жобалар денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік қолдау, волонтерлік қозғалысты дамыту және ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау бағыттарын қамтиды.
Алғашқы іске асырылып жатқан жобалардың бірі – «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Jurekke Shipa: Білім мен ізгіліктің көпірі» бастамасы. Жоба медицина мамандығында білім алып жүрген жастар мен қарттар үйінің тұрғындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бүгінде жобаға қатысушылар Qoldau орталығында арнайы даярлықтан өтіп, алдағы жұмыстарына әзірленіп жатыр. Жоба аясында студенттер қарттарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, бос уақытын мазмұнды өткізуге атсалысады.
Сонымен қатар Абай облысының Жарма ауданындағы Шалабай ауылында «Келешек-Болашақ» қоғамдық бірлестігі «Ұлы Дала Ізі» жобасын жүзеге асыруға кірісті. Жобаның мүшелері көне қорғандарға қатысты тарихи және археологиялық деректі жинақтап, QR-кодтар мен ақпараттық тақталарға арналған материалдарды әзірлеуде. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарымен танымдық кездесулер, мектеп оқушылары мен жастарға арналған экскурсиялар, сондай-ақ «Тарих күні» мәдени-ағартушылық іс-шарасын өткізу жоспарланған.
Абай облысында жүзеге асып жатқан ендігі жоба – «AMAN Семей» бастамасы. Жоба жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Оның аясында судағы қауіпсіздік, аптап ыстықтағы сақтық шаралары және төтенше жағдайлардың алдын алу тақырыптарын қамтитын интерактивті онлайн-платформа іске қосылды. Одан бөлек, Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментімен, Жастар саясаты басқармасымен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп, мектептерде алғашқы тәжірибелік сабақтар мен ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді. Енді жазғы лагерьлерде көшпелі кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бүгінде шағын гранттар байқауы аясындағы өзге де үздік жобалар да кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Алдағы уақытта әр жоба бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат таратылатын болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі