
2026 жылы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобалар қаралған Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Айта кетейік, киножобалар конкурсы биылғы 1 наурызда басталды. Іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңде электронды форматта 323 өтінім қабылданып, оның 277-сі Сараптама кеңесінің қарауына жолданды. Екінші кезеңге сценарийлер мен сценарийлік жоспарлар түрінде ұсынылған 107 жоба өтті.
Іріктеудің екінші кезеңінің нәтижесінде 95 жоба питчингке жіберілді. Бұл жобалар Сараптама кеңесінде көркем, деректі және анимациялық фильмдер секциялары бойынша қаралды. Жобаларды ашық қорғау рәсімі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Трансляция конкурстың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етті.
Талқылау қорытындысы бойынша ұлттық фильм мәртебесін алуға үміткер 34 киножоба оң қорытынды алып, Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды. Комиссия мүшелерінің дауыс беру нәтижесінде мемлекеттік қолдауға үміткер 18 жоба іріктелді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі