
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында әлемнің түкпір-түкпірінде бірқатар іс-шара өтіп жатыр.
Батыс және Орталық Африка елдерінде де бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алған. Тогода Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы бастамаларды үйлестірумен Волонтерлікті дамыту жөніндегі ұлттық агенттік (ANVT) айналысады. Ұйым Батыс және Орталық Африка мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, волонтерлік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында оқыту іс-шаралары мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын ұйымдастырады.
2026 жылғы маусымда өңірлік форум өткізу жоспарланған. Онда қатысушы елдердің өкілдері волонтерлік қызмет туралы деректерді жинау, бағдарламалардың нәтижелілігін бағалау және волонтерлік бастамаларды қолдау мәселелерін талқылайды.
Нигерияда Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жұмысты Нигерия ұлттық волонтерлік қызметі (NNVS) үйлестіреді. Ұйым жастарды волонтерлік қызметке тартуға, цифрлық және кәсіби волонтерлікті дамытуға, сондай-ақ волонтерлердің еңбегін есепке алу және бағалау тетіктерін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр.
Того мен Нигерияның тәжірибесі Халықаралық волонтерлер жылының азаматтық белсенділікті арттыруға, тәжірибе алмасуға және волонтерлік қозғалыстың әлеуетін нығайтуға ықпал етіп отырғанын көрсетеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі