Солтүстік Қазақстан облысында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті еліміздегі дарынды жастардың білім алып, шығармашылық тұрғыдан дамуына жағдай жасап келеді.

Мәдениет пен өнер саласында сапалы білім алуға жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясат аясында жаңа оқу жылынан бастап университеттің Солтүстік Қазақстан облысында өкілдігі ашылады. Бұл бастама өңірдегі дарынды жастарды қолдауға, олардың кәсіби білім алуына және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталады.

Бүгінде Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті – музыка, театр, бейнелеу өнері, кино және теледидар, арт-менеджмент және өзге де шығармашылық бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын еліміздегі жетекші өнер оқу орындарының бірі. Университет студенттері мен түлектері халықаралық байқаулар мен фестивальдерде ел намысын абыроймен қорғап, салада табысты еңбек етіп, ұлттық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Солтүстік Қазақстан облысында университет өкілдігінің ашылуы өңір жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға серпін беріп, дарынды жастардың кәсіби білім алуына жол ашады.

Талапкерлерді қабылдау «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағыты бойынша мынадай білім беру бағдарламаларының топтары негізінде жүргізіледі:

  1. Театр өнері
  2. Бейнелеу өнері
  3. Вокал өнері
  4. Дәстүрлі музыка өнері
  5. Эстрада өнері
  6. Кино және теледидар режиссурасы

2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау және оқуға түсу мәселелері бойынша кеңес беру жұмыстары 2026 жылғы 20 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайында жүргізіледі.

Қабылдау емтихандары 2026 жылғы 7 шілдеде басталады.

Қабылдау комиссиясының байланыс нөмірлері:

8 (7172) 47-20-40 (ішкі нөмірі 724);

+7 707 560 1658 (WhatsApp арқылы тек жазбаша хабарламалар қабылданады).

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі