Алматыда мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, психоәлеуметтік қолдау және спорт психологиясы саласының мамандарының қатысуымен Kazakhstan-Türkiye Psychosocial Support Project халықаралық форумы өтті.
Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбараов пен Түркия Республикасының Жастар және спорт министрінің кеңесшісі, Психоәлеуметтік қолдау қызметтері департаментінің басшысы Элиф Гүнеш сөз сөйледі.
Іс-шарада жастарға психоәлеуметтік қолдау көрсету мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе дағдарыс пен төтенше жағдайлар кезінде көрсетілетін көмектің маңызы, жастардың психологиялық төзімділігін нығайту, волонтерлердің рөлі және психологиялық қолдаудың заманауи тәсілдері айтылды. Сонымен қатар спорт психологиясына арналған арнайы сессия ұйымдастырылды.
Форум соңында қатысушылар жастардың психоәлеуметтік әл-ауқатын арттыру, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі