Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ алаңында Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын талқылауға арналған кездесу өтті.
Еске сала кетейік, биыл 16 мамырда Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесін мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындайтын Жарлыққа қол қойған болатын. Құжатта отандық авторлар мен баспа ісін қолдау, кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау, сондай-ақ 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу секілді жүйелі шаралар көзделген.
Талқылау барысында еңбек нарығына белсенді араласатын азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған кезеңде кітап оқу мәдениетін дәріптеудегі тиімді тетіктер қарастырылды.
Кездесуге қатысушылар кітап клубтарының, тәуелсіз оқырман қауымдастықтарының, кітап дүкендерінің, әдеби жобалардың, баспалардың және цифрлық платформалардың оқу мәдениетін насихаттаудағы рөлін талқылады. Сонымен бірге мемлекет пен қоғамдық бастамалардың бірлескен жұмысын күшейту жолдары айтылды.
Іс-шараға кітап клубтарының мүшелері, оқырман қауымдастықтарының өкілдері, әдеби жобалар жетекшілері, баспагерлер, кітап сатушылар, жазушылар, блогерлер, мәдениет және білім саласының сарапшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сараптамалық кездесу қорытындысы бойынша 29 жастан асқан қазақстандықтардың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі