Қазақтың дәстүрлі музыкасы халықаралық платформаларда жарияланды

Қазақтың дәстүрлі музыкасы халықаралық платформаларда жарияланды

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің репертуарындағы туындылар әлемнің жетекші музыкалық платформаларында жарияланды.

Оркестр тарихында алғаш рет қазақ күйлері халықаралық музыкалық платформаларға шығарылып, халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен күй өнерін жаһан жұртшылығына таныта түсті.

Цифрлық форматта қазақтың көрнекті композиторлары мен күйші өнерпаздарының шығармалары ұсынылды. Олардың қатарында Құрманғазы Сағырбайұлының, Дина Нұрпейісованың, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Нұрғиса Тілендиевтің және өзге де авторлардың күйлері бар. Сонымен қатар көпшілік А.Жұбановтың, Е.Брусиловскийдің, К.Күмісбековтің, Т.Қажығалиевтің, Х.Тастановтың, С.Бәйтерековтің, С.Шабельскийдің, Л.Шаргородскийдің және С.Құсайыновтың шығармаларын да тыңдай алады.

Музыкалық туындылар Spotify, Apple Music, YouTube Music, Amazon Music, Яндекс Музыка және басқа да танымал цифрлық платформаларында ұсынылған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі