Астанада «Қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру» жобасының таныстырылымы өтті

Астанада «Қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру» жобасының таныстырылымы өтті

Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру» жобасының таныстырылымы өтті. Жобаны Қазақстанның Азаматтық альянсы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асырып жатыр.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Қоғамдық кеңестердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Жиын барысында Қазақстанның Азаматтық альянсы жобаның негізгі мақсаттары мен басым бағыттарын таныстырды. Жоба аясында Қоғамдық кеңестердің қызметін кеңінен насихаттап, олардың қоғамдағы рөлін арттыру көзделген. Сондай-ақ тәжірибе алмасуға ерекше мән беріліп, 5 ірі өңіраралық диалог алаңын өткізу жоспарланып отыр.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – жергілікті бастамаларды қолдауға арналған 10 шағын грант бөлу.

Бұдан бөлек, Қоғамдық кеңестер жұмысының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық құралдар енгізіледі.

Жыл қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіліп, «Қоғамдық бақылаудың үздік тәжірибелері жинағы» әзірленеді. Сонымен қатар заңнаманы жетілдіруге қатысты өзекті мәселелер талқыланатын республикалық форум өткізу жоспарланған.

Жоба аясында 200 мыңнан астам адамды қамту көзделіп отыр.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі