
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай еліміздің кітапханалары мен мәдениет ұйымдарында жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдік рухты асқақтатуға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.
Астанада «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің нышаны» атты кітап көрмесі ашылып, көпшілікке мемлекеттік рәміздердің тарихи маңызы туралы материалдар ұсынылды.
Алматыда «Рәміздер – ел бірлігінің символы» атты зияткерлік тест өткізіліп, қатысушылар мемлекеттік рәміздердің тарихы мен мән-маңызы туралы білімін ортаға салды.
Шығыс Қазақстан облысында «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлымен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындар үшін «Таңбалар арқылы саяхат» атты танымдық викторина өткізілді.
Ұлытау облысында Елтаңба, Ту және Әнұранның тарихына арналған «Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің белгісі» атты әдеби көрме көпшілікке таныстырылды.
Шымкент қаласында «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты ашық аспан астындағы көрме ұйымдастырылды.
Жалпы республика бойынша екі мыңға жуық іс-шара өтіп, оған 42 мыңнан астам адам қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі