
Алматыда мемлекеттік қаржылай қолдауға және ұлттық фильм мәртебесіне үміткер киножобалар бойынша ашық қорғау кезеңі басталды. Байқаудың финалына 95 жоба өтті.
Питчинг Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының YouTube-тегі ресми арнасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Үш күн бойы жоба авторлары өз жұмыстарын сараптама кеңесінің алдында таныстырады.
Байқау 1 наурызда басталды. Электронды форматта жалпы саны 323 өтінім қабылданып, ұсынылған материалдарды тексеру нәтижесінде 277 жоба сараптама кеңесінің қарауына жолданды. Алғашқы кезең қорытындысы бойынша 107 жоба келесі кезеңге өтсе, толық құжаттар топтамасын қарау нәтижесінде 95 жоба ашық қорғауға жіберілді.
Биылғы байқауда іріктеудің ашықтығына, жобалардың сапасына, жанрлық әртүрлілікке және жас кинематографистердің қатысуына басымдық берілді. Басым бағыттар қатарында отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы, тарих пен мәдени мұра, еңбек адамының бейнесі, балалар киносы, экология, спорт пен салауатты өмір салты, сондай-ақ бірлік пен қоғамдық келісім тақырыптары бар.
Питчингтің алғашқы күні толықметражды ойын фильмдерінің жобалары таныстырылды. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау мен ұлттық фильм мәртебесіне ұсынылатын жұмыстар бойынша ұсынымдар әзірленеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі