Қазан қаласында «Қазан – ислам әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылуы аясында Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер мәдениет министрлерінің съезі өтті.
«Диалог өнері: Ресей мен ислам әлемі елдерінің әлемдік мәдени мұраны сақтаудағы рөлі» тақырыбындағы жиын Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановтың құттықтау сөзімен ашылды.
Съезде Ресей Федерациясының мәдениет министрі Ольга Любимова, түрікмен халқының Ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов және басқа да мәртебелі меймандар сөз сөйледі.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның съезд қатысушыларына арналған бейнеүндеуі тыңдалды. Өз сөзінде ол Қазан қаласын 2026 жылы «Ислам әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болуымен құттықтап, елдер арасындағы мәдени диалогты одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті.
Үкімет басшысының орынбасары бейнеүндеуде бірқатар нақты бастама ұсынды. Аида Балаева Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында креативті индустрияларды қолдауға арналған бағдарлама әзірлеу қажет екенін айтты. Бұл бастама жас авторларды қолдауға, мәдени экспортты кеңейтуге, сондай-ақ музыка, дизайн, цифрлық өнер және басқа да шығармашылық бағыттардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
«Бүгінде бірқатар елдерде креативті индустриялардың экономикаға қосатын үлесі ішкі жалпы өнімнің 3-7 пайызына дейін жетіп отыр және бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Мұндай бағдарламаны іске қосу жас авторларды қолдаудың және аймақ елдерінің мәдени экспортын кеңейтудің тиімді құралы бола алады», – делінген бейнеүндеуде.
Сондай-ақ Аида Балаева Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің электронды кітапханаларын, архивтерін, музей қорларын және білім беру контентін біріктіретін ортақ цифрлық мәдени платформа құруды ұсынды. Оның айтуынша, заманауи технологиялар мәдени мұраны сақтауға, оған қолжетімділікті арттыруға және жастарды мәдени үдерістерге кеңінен тартуға жол ашады.
Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы ұйымына бүгінде 57 мемлекет мүше. Ұйым 1,4 миллиардтан астам адамды біріктіреді. Қазақстан ИЫҰ аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты халықтарды жақындастыратын, ортақ рухани кеңістікті нығайтатын маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі