
Ұлттық кітап күніне арналған кітап апталығы аясында бүгін ел көлемінде соңғы күн «Кітап – достық амбассадоры» атауымен өтті. Бұл күн отандық әдебиетті шетел оқырманы арасында насихаттауға бағытталды.
Кітап апталығының соңғы күнінде республика бойынша кітапханаларда, мәдениет және білім беру ұйымдарында шығармалары шет тілдерге аударылған қазақстандық авторлардың, сондай-ақ кәсіби аудармашылар мен баспагерлердің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Астанада IX «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында кітап таныстырылымдары өтіп, Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған «Ғасырдың ғаламат ақыны» көрмесі ұсынылды. Алматы қаласында «Әлемді біріктірген – Қазақ кітабы» атты әдеби квест өткізіліп, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің шет тілдердегі аудармалары таныстырылды. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті – әлем тілдерінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Жалпы, кітап апталығы аясында ел көлемінде өткен іс-шараларға 200 мыңға жуық адам қатысты.
Айта кетейік, ертең, 23 сәуір күні Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Атаулы күн халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, оқу мәдениетін жаңғыртуға және зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі