
Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық Борис Эйфман балет театрының гастролі аясында «Астана Опера» сахнасында шебердің аңызға айналған «Қызыл Жизель» балетінің жаңартылған нұсқасы және Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының желісі бойынша қойылған «Күнәның ар жағында» философиялық спектакльдері ұсынылды.
«Қызыл Жизель» гастрольдік сапардың басты қойылымдарының біріне айналды. Спектакль өмір жолы ұлы дарын мен қатал дәуір қақтығысының символына айналған көрнекті балерина Ольга Спесивцеваға арналған. Революция, эмиграция, жеке күйзелістер мен жан күйреуі балетте адам тұлғасының нәзіктігін көрсететін драмалық тарих ретінде ашылады. Жаңа нұсқада Борис Эйфман спектакльдің хореографиялық құрылымы мен көркемдік безендірілуін жаңартқан.
Сондай-ақ, Ф.Достоевскийдің шығармасы желісімен «Күнәның ар жағында» балеті сахналанды. Бұл – Достоевскийдің ұлы романына жасалған өзіндік пластикалық интерпретация. Қойылым сенім мен сенімсіздік, адамгершілік құлдырау, ішкі күрес пен рухани жаңғыру мәселелерін көтереді. Би арқылы хореограф көрерменге адам табиғатының екіжақтылығы мен жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тартысы туралы ой салады.
Қазақстандық көрермен үшін Борис Эйфманның шығармашылығы бұрыннан таныс. Бұған дейін «Астана Опера» сахнасында оның «Евгений Онегин», «Анна Каренина» және «Пигмалион әсері» қойылымдары көрсетілген, сондай-ақ, оның «Роден» балеті театр репертуарына енді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі