«Астана Опера» театрында «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінің тұсаукесері өтті

«Астана Опера» театрында «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінің тұсаукесері өтті

«Астана Опера» театрының Үлкен залында қазақстандық хореограф, театр солисі Сұлтанбек Ғұмардың «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінің премьерасы өтті. Осылайша, елордалық театр репертуары жаңа қойылыммен толықты.

Спектакльдің өзегіне адам өміріндегі басты рухани құндылықтардың бірі – махаббат тақырыбы арқау болған. Көркем сахналық тіл арқылы қойылым адамдар арасындағы өзара құрмет, түсіністік пен ішкі кемелдікті терең бейнелейді.

«Мәңгіліктің төрт сыры» – Сұлтанбек Ғұмардың алғашқы бір актілі спектаклі. Балеттің эмоциялық әрі философиялық тереңдігін ұлттық әуендерді заманауи классикалық үнмен үйлестірген композитор Хамит Шанғалиевтің музыкасы айқындай түседі.

Театрдың симфониялық оркестрі мен хоры «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің дирижерлігімен өнер көрсетті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі