Конференцияда әйелдердің Орталық Азиядағы рөлі талқыланды

Конференцияда әйелдердің Орталық Азиядағы рөлі талқыланды

«8 наурыз: Орталық Азиядағы әйелдердің энергиясы» атты халықаралық онлайн-конференция өтті. Іс-шара әйелдердің технология, экономика, мәдениет және қоғамды дамытудағы рөліне арналды. Конференцияға Орталық Азиядан сарапшылар, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы, Astana Hub халықаралық технопаркі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырды.

Конференция аясында Орталық Азиядан келген қатысушылар әйел көшбасшылығын дамыту, мәдениет пен білім саласындағы әйел рөлі, қыздарды қолдауға және олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамалар, сондай-ақ қоғамның тұрақты дамуы үшін қаржылық тәуелсіздіктің маңызы туралы пікір алмасты.

Сонымен қатар әлеуметтік және құқықтық мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, цифрландырудың бала құқықтарын қорғау мен әйел денсаулығына ықпалы және әлеуметтік өзгерістердің факторы ретінде әйел спортының дамуы талқыланды.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде жасанды интеллектіні этикалық тұрғыда пайдалану және цифрлық технологияларды жауапкершілікпен дамыту тақырыбына арналған арнайы воркшоп өтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі