«Ардагер өсиеті» марафонының қорытындысы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналды

«Ардагер өсиеті» марафонының қорытындысы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналды

Астана қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафонының жабылу салтанаты өтті. Тағылымды іс-шара Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналды.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және өзге де қонақтар қатысты.
«Ардагер өсиеті» марафоны 25 маусым мен 24 қыркүйек аралығында өтіп, еліміздің барлық 20 өңірін қамтыды.

Төрт ай бойы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өсиет-хаттары жинақталды. Бастаманың мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, тарихи құндылықтарды сақтау және насихаттау.

Марафон қорытындысы бойынша ардагерлермен түскен естелік фотосуреттер мен бар ақпарат «Батырларға тағзым» порталына жүктеліп, өсиет хат Әскери-тарихи музей қорына табысталды.

Сондай-ақ «Ел үшін туған ердің ізі» атты көрме мен ерлік сабағы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында музейдің ғылыми қызметкерлері Бауыржан Момышұлының ерлігі мен соғыстан кейінгі өмірі туралы ғылыми баяндамалар жасады. Бұдан бөлек, Б. Момышұлына арналған арнайы экспозиция және жасанды интеллект технологиясы арқылы батырдың дауысы қолданылған аудиоспектакль ұсынылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейімен бірлесіп ұйымдастырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі