Қонаевта Алматы облысының Азаматтық форумы өтті

Қонаевта Алматы облысының Азаматтық форумы өтті

2025 жылғы 18 қыркүйекте Қонаев қаласында «Жергілікті ҮЕҰ-дың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы» тақырыбында Алматы облысының Азаматтық форумы өтті.

Форум азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы серіктестікті нығайтып, ашық диалог дәстүрін жалғастырады.

Форумның негізгі тақырыбы – үкіметтік емес ұйымдардың жергілікті басқару процестеріне белсенді қатысуы, шешім қабылдау барысындағы рөлді арттыру, қоғамдық бақылауды дамыту және кері байланыс тетіктерін жетілдіру.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, қоғамдық кеңестер, саяси партиялар мен кәсіподақтар, сондай-ақ облыстың барлық өңірлерінен 100-ден астам делегат қатысты.

Панельдік сессиялар аясында азаматтық қатысудың жаңа формалары, ауылдық өңірлердегі әлеуметтік бастамалар, жастар мен әйелдердің басқару ісіне араласуы, сондай-ақ ашық үкімет қағидаттарын ілгерілету мәселелері қарастырылды.

Форумның басты ерекшелігі – пікірталас алаңдарының заманауи форматта ұйымдастырылуы. Қатысушылар тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік орнатты.

Пленарлық отырыста азаматтық қоғам инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыру жүйесін жетілдіру, волонтерлік пен қайырымдылықты насихаттау бағыттары талқыланды.

Форум соңында өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан азаматтық қоғам өкілдері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі