Сарапшылар азаматтық қоғамды дамыту және жергілікті бастамаларды қолдау мәселелерін талқылады

Сарапшылар азаматтық қоғамды дамыту және жергілікті бастамаларды қолдау мәселелерін талқылады

Бүгін, 19 маусымда «SARAP» сараптамалық клубының кезекті отырысы өтіп, «Жергілікті бастамаларды қолдау мәселелері: азаматтық қатысудың деңгейі» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және ҮЕҰ қатысты заң жобасының тәсілдері» тақырыптары сөз етілді.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен ғылыми қауымдастық өкілдері, ҮЕҰ туралы заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, құқықтанушылар, сарапшылар мен азаматтық сектор белсенділері қатысты.

Талқылау барысында жергілікті деңгейдегі бастамаларды қолдауды арттыру, сондай-ақ ҮЕҰ-ны тіркеудің құқықтық және әкімшілік рәсімдеріне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ұйымдардың құқықтық мәртебесін, қызмет аясын және географиясын айқындау, сондай-ақ жаңа филиалдар мен өкілдіктерді ашу тәртібі сөз болды.

Сондай-ақ қатысушылар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру тәсілдерін саралау қажеттігін талқылады. Атап айтсақ, жобаларды қаржыландыру көлемі мен іске асыру мерзіміне қарай түрлерге бөлу әдісін қарастырды.

Қатысушылар аталған саладағы құқықтық талаптарды нақтылап, жүйелеудің маңызына назар аударды. Мұндай қадамдар рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, әкімшілік жүктемені азайтуға және үкіметтік емес ұйымдар үшін тиімді әрі қолайлы құқықтық орта қалыптастыруға жол ашады.

Айта кетейік, аталған заңнаманы жетілдіру мәселелері Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырма аясында талқыланды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі