2025 жылдың 17 маусымында Ресейдегі Үлкен театрда Benois de la Danse 2025 беделді балет сыйлығын табыстау рәсімі өтеді. Номинанттар қатарында бірден екі «Астана Балет» театрының әртісі бар. Атап айтсақ, театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри және жетекші солист Сүндет Сұлтанов.
Биыл Benois de la Danse сыйлығының номинанттарын халықаралық қазылар алқасы анықтады. Биыл оның құрамына Франция, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей және Қазақстанның көрнекті балет шеберлері енді. Қазылар алқасының төрағасы әрі бағдарламаның көркемдік жетекшісі — Үлкен театрдың прима-балеринасы,Ресейдің халық әртісі Светлана Захарова.
Қазақстандық әртістер Мукарам Авахри қойған «Киелі би» балетінің үзіндісі – «Qash» деп аталатын сахнасын орындайды. Заманауи пластика мен ұлттық мәдени кодтарды біріктірген қойылым көрермен қауым мен кәсіби мамандардың қызығушылығын тудырған-тын.
«Үздік биші» номинациясына ұсынылған Сүндет Сұлтанов дуэтте Фредерик Шопен мен Дэвидсон Джаконеллоның музыкасына словак-неміс хореографы Кристина Паулин қойған «Желтоқсан жаңбыры» балетінен үзінді орындайды. Әртістің орындаушылық шеберлігі мен ішкі тереңдігі биылғы театр маусымының жарқын жаңалықтарының біріне айналды.
«Астана Балет» театрының осы ауқымды халықаралық іс-шараға қатысуы – қазақстандық хореография мектебінің қарқынды дамып, жоғары бағаланатынын растайтын маңызды жетістік.
Benois de la Danse сыйлығы 1991 жылы бекітіліп, 1992 жылдан бері ЮНЕСКО қолдауымен өтіп келеді. Оның міндеті – хореография саласындағы ерекше жетістіктерді атап өтіп, дүниежүзінде балет өнерінің дамуына, дәріптелуіне ықпал ету. Үш онжылдық ішінде бұл сыйлық балет әлеміндегі ең беделді марапаттардың біріне айналды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі