Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте ата-аналар қауымдастығының ұйымдастыруымен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті.
Қазақ халқының мәдениеті апталығы аясында бастау алған шараға мектеп қауымдастығы түгел қатысып, ата-аналар әзірлеген тәтті тағамдардан дәм татты.
– Қазақтан көпұлтты мемлекет. Елімізде мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар бір үйдің баласындай тату өмір сүріп, достықтың үздік үлгісін көрсетіп келеді. Бүгін де сол ұлттық дастарқандар көпшілікке жайылып, мызғымас бірлігіміз одан әрі нығая түсті, – деді ата-аналар комитетінің төрайымы Зәуре Абуова.
Достық дастарқанына үнді, орыс, ұйғыр, шешен, кәріс және қазақ халқының ерекше дәмді астары түр-түрімен қойылды. Ата-аналар берілген аумақтарды ұлттық нақышта безендіріп, этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттады.
– Шарамыздың басты мақсаты – оқушыларды әртүрлі халықтардың асымен, мәдениетімен, әдеп-ғұрыптарымен таныстыру және қайырымдылық жасау. Бүгінгі жиналған қаражат алдағы уақытта мектебіміз қамқорлығына алған жалғызбасты қарттар мен мұқтаж жандарға көмек ретінде берілетін болады, – деді ата-ана комитетінің белсендісі Гүлзада Сәдуова.
Мектепке қонаққа келген шетелдік қонақтар – Халықаралық мектептер кеңесінің сарапшылары Габриель Абад Фернандэс пен Крис Маджио жәрмеңкені тамашалап, ата-аналар қауымдастығының белсенділігіне тәнті болды. Сонымен қатар ауқымды шараның оқушылар арасында жаһандық азаматтықты насихаттау бағытында үлесі зор екенін атап өтті.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы құрылған штаб мүшелерімен бірге Сырдария өзенінің жағалауын аралап су деңгейін бақылады. Аймақ басшысы Қызылорда су торабында болып, одан соң жауапты мамандармен Жаңақорған ауданына барды. Түркістан облысымен шекаралас аумақтан бастап Сырдария өзеніндегі жағдаймен танысты. Бесарық елді мекенінде ауыл ақсақалдарымен кездесіп, өзендегі су деңгейі тұрақты бақылауда және барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынғанын айтты.
Қазіргі таңда ауа-райының күрт жылуы әсерінен қар еріп, жауын-шашынның мол түсуінен көрші Түркістан облысының Кентау, Түркістан қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарының бірқатар ауылыдарындағы аулалар мен көшелерін су басты. Осы жағдайға байланысты Сыр жұртшылығы да алаңдаулы. Аймақ басшысы облыстағы жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
«Түркістан облысында орын алған жағдайдың Сырдария өзеніне қатысы жоқ екенін ескеру қажет. Арыс өзенінен Сырдария өзеніне түсетін су көлемі болжам бойынша ағымдағы жылдың 3-4 ақпанында 100-150 м3/сек құрайды. Қазір Арал ауданынан бастап Шиелі ауданына дейін өзен бетінде толық мұз қатқан. Мұздың қалыңдығы 18-ден 52 см-ге дейін. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес облыс аумағына секундына 652 текше метр су түсуде.
Облыс аумағында Сырдария өзенінің бойында орналасқан стратегиялық маңызы бар Қызылорда, Айтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары пайдалану Ережесіне сәйкес транзиттік режимге көшірілді. Штаб мүшелері Дария деңгейін күндіз-түні бақылауда, барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар жеткізділді, сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 29 су басу қауіпі бар аймақ анықталып, оған 366 арнайы техника бірлігі және 1137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді.
Су тасқыны болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін 64 жинақтау және 78 қабылдау пункттері дайындалған. Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда.
Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне және жауапты мекемелерге төтенше жағдайдың алдын алуға тиісті тапсырмалар берілді. Жағдай тұрақты бақылауда. Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы штаб құрылып, 2 ай көлемінде жұмыс жасауда. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 141,9 тонна жанар-жағармай және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Сырдария өзеніндегі су деңгейін төмендету мақсатында магистральдық каналдар мен көлдер жүйелері арқылы су алу шаралары тұрақты жүргізілуде.
Жаңақорған ауданына жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Түркістан облысымен шекаралас аумақта демеуші кәсіпкердің қаржысына салынып жатқан кіреберіс қақпаның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бүгін «Kitap Qurttary» кітап клубы, Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебі және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы 10-11 сынып оқушылары арасында «KQQ – Kitap Qurttary Quiz» зияткерлік сайысы өтті.
«Kitap Qurttary» зияткерлік клубының 4 жылдығына орай ұйымдастырылған танымдық шараның ашылуына Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы арнайы қатысып, зияткер жастарға сәттілік тіледі.Озық ойлы оқушылар арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттау, кітап оқу мәдениетінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қаладағы 34 білім ордасының оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты.
Үш кезеңнен тұратын сайыста үміткерлер қазақ және әлем әдебиеті, кино, танымал шығармалар турасында суретті сұрақтарға жауап берді.Нәтижесінде, сайыстың I орынын С.Лапин атындағы №261 орта мектеп құрамасы жеңіп алса, II орын Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің оқушыларына бұйырды. Үздік үштікті С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп құрамасы қорытындылады.
«Kitap Qurttary» зияткерлік клубы өңірдегі білімпаз жастардың қозғалысына айналып үлгерген, бүгінде әр өңірдегі интеллектуал 200-ден аса жастың басын біріктірген ұйым. Аталмыш клуб бүгінге дейін түрлі деңгейдегі білім сайыстарын ұйымдастырып, білімпаз ортада өз бағасын алып үлгерді.
Сыр өңіріндегі NIS-тің 11-сынып оқушысы Арайлым Қуандық «IESO 2023» халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңінде 2-орын иеленіп, әлемдік додаға жолдама жеңіп алды.
Жер туралы ғылымдар байқауында 100-ге жуық оқушылар сайысқа түсті. Қатысушылар геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндерінен күрделі тапсырмалар орындап, білімдерін шыңдады. Сырбойылық Арайлым жетекшілері география пәнінің мұғалімі Шолпан Закирова мен Арай Нұрбаевамен бірге жасаған үздіксіз дайындықтың арқасында білім бәйгесінде жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленді.
Енді Арайлым желтоқсан айында Италияда өтетін халықаралық кезеңде Қазақстан құрамасында ел намысын қорғайтын болады.
«География менің сүйікті пәнім. Әсіресе геологияға деген қызығушылығым ерекше. Келешекте жобалық жұмыстармен айналысып, табиғаттың түрлі элементтерін зерттегім келеді», - дейді Арайлым Қуандық.
IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап Корея, Испания, Бразилия, Жапония, Франция, Ресей сияқты елдерінде өткізілген білім бәйгесі биыл Италияда жалғасып, ең үздік жас геологты анықтайтын болады.
28-29 қаңтар аралығында Түркияның Аланья қаласында велогонкадан "KIZILALAN MTB CUP ALANYA XCO C1(C2)" жарысы болып өтті.
Жарыста Сыр спортшысы Саркулова Алина Кросс кантри олимпик бағдарламасында XCO C1 жарысынан 1-орын және XCO C2 жарысынан 1-орын иеленді.
Жаттықтырушысы: Руслан Мұратбеков
Қызылордада қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде алимент бойынша борышкерлерді, жұмыссыз жастарды, мүгедектігі бар адамдарды және пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында Бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға өңірдің 26 мекемесінің өкілдері қатысты. Азаматтарға әр түрлі санаттағы 112 бос жұмыс орны ұсынылды (ағаш ұстасы, сантехник, электрик, жүргізуші, сұлулық салонындағы мамандар және т. б.)
Жәрмеңке қорытындысы бойынша алимент бойынша 40 борышкер түрлі мекемелерге жұмысқа орналасуға жолдама алды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Астанада өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды. "ZIAT" ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған "Ғылым шарайнасы" байқауында еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері өздерінің ғылыми жұмыстарын ұсынды.
Бірінші орынды инженерлік-технологиялық институттың студенттері Анал Түлкібай мен Анар Оңалсын, сондай-ақ жаратылыстану институтының студенті Салима Мұғалжапбар иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар табысталды.
Жас зерттеушілердің ғылыми жетекшісі-ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, "Аграрлық технологиялар" кафедрасының қауымдастырылған профессоры Раушан Нұрымова.
«Қазақстан таланттары» халықаралық қозғалысы ұйымдастырған «Биле, талант» көп жанрлы байқауында Қызылорда Зияткерлік мектебінің оқушысы Марк Хегай Гран-при иеленді.
Марк Қазақстан мен Ресейдің дарынды жастарын біріктірген шығармашылық байқаудың «бейнелеу өнері» бағытына қатысты. Жас зияткер қазақ халқының шешендерін, билерін ерекше техника – теріге бедерлеу әдісімен бейнелеген.
– Бұл композицияны жасаудың себебі-Қазақстанның тарихы, дәстүрі мен мәдениеті арқылы ежелгі сурет салу техникасының жандануы, - дейді жас суретші.
Бүгін облыстың бетке ұстар ардагерлері ерікті түрде өзгеге көмегін тигізу мақсатына қан орталығында донорлық етті. 70-80 жас аралығындағы ардагерлердің донор болуы аймақта алғаш рет болып отыр.
Өздеріңізге белгілі донорлық ету - өзіңізге де өзгеге де жасалған игі іс болып саналады.
Соңғы жылдары аймағымызда донор болуға ниетті адамдар қатары көбейіп келеді. Мәселен, 2021 жылы облыстық қан орталығына 6151 адам қан тапсырса, 2022 жылы 6323 адам донор болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға өсіп отыр.
Орталықта жалпы қан қоры - 147 доза. Оның ішінде жаңа мұздатылған плазма анализдерінің беруге дайыны - 100 доза. Қан плазмасы - 100 доза. Қан сарысу қоры - 100 доза, яғни қан қоры жеткілікті.
Қазіргі таңда қаламызда жылына 5000-10000 жоспарлы донациялық IV санаттағы облыстық қан орталығының құрылысы жүруде. Алдағы уақытта халық жаңа ғимаратта қан тапсыратын болады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, донор болу жас шектемейді. Денсаулық жағдайы жараса, 18 жастан жоғары қарай шексіз болып саналады. Сондықтан, донор болыңыз!
Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қызылорда облысы білім саласы қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұлғаны қалыптастыру. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, қала, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары және селекторлық режимде аудандық қоғамдық кеңес өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.
Кеңес модераторы, облыстық «Аманат» партиясының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Наурызбай Байқадамов жаһандану дәуірінде әр халық, әр ұлт үшін дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалудың зор маңызын атап өтіп, осы ретте отбасылық тәрбие ерекше рөл атқаратынын айтты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кездесуге аймақ басшысы ғана емес, әке ретінде ашық пікірлесу үшін келгенін айтып, өңірде балалар үшін атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Мемлекет басшысы өткен жылды «Балалар жылына» арнап, айрықша маңыз берді. Мерейлі жылы жеткіншектерімізге бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлуге, асқақ армандарына басқан қадамдарын демеуге күш салдық.
Бүлдіршіндерге тарту ретінде аймақта демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын пайдалануға бердік. Тек қаланың ортасында ғана емес, шеткері аймақтарда да ойын алаңдары салынды. 2022 жылы 19 балабақша ашылды. Өткен жылы 6 мектеп тапсырып, 2 апатты білім беру ұйымының мәселесін шештік. Жалағаш ауданында 250 орындық заманауи Оқушылар үйін ел игілігіне табыстадық.
Үкімет басшысының Сыр еліне сапары барысында 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық «физика-математика» бағытындағы мектеп-интернат, көпсалалы спорт кешенін салу жобасы қолдау тапты.
Биыл «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылордада заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастайды. Алдағы жаңа оқу жылының қарсаңында 150 орындық екі мамандандырылған мектеп дарынды балаларды қабылдайды», - деді облыс әкімі.
Алдағы 3 жылда 64 балабақша ашу жоспарлануда. Осылайша 11 мыңға жуық бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.
Бұған қоса биыл Жаңақорған, Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында 940 орындық 4 жаңа мектеп пайдалануға берілмек.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынады. Жалпы құны 100 млрд. аса теңгені құрайтын бұл білім саласындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жоба.
Аймақта жеке мектептердің де үлесі артуда. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдірді.
Өңірдегі жетістіктерді саралаған аймақ басшысы қоғамда белең алған интернетке тәуелділік, құмар ойынға салыну, оқушылар арасындағы әлімжеттік және өзге де мәселелердің алдын алу мақсатында тиісті басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне балалардың бос уақытын тиімді өткізу және оларды толыққанды әлеуметтендіру іс-шаралар кешенін қолға алуды тапсырды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет «Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Балалардың бос уақытын қамту бағытында өңірде жалпы 61 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы, мектеп жанында 2170 спорттық секция және 1942 үйірме жұмыс жасайды. Онда 156 764 бала қамтылған.
Оқушылар қауіпсіз ортада өмір сүруі мақсатында аймақтағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылып, 170 мектепке полиция бөлімшелеріне қосылатын дабыл түймесін орнату үшін 97 млн.теңге бөлінді. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймесінің іске қосылуы осы жылы толықтай шешімін тапты.
Кеңес отырысына арнайы қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы өз баяндамасында қоғамдағы өзекті мәселелерді зерделеп, кибербуллинг, моббинг секілді аса қауіпті құбылыстардың әсерін назарға салды.
Баяндамашылар өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиелеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.