Ұлттық ұландағы кадрлық өзгерістер: Бас қолбасшының орынбасары және өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары тағайындалды

Ұлттық ұландағы кадрлық өзгерістер: Бас қолбасшының орынбасары және өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес ҚР ІІМ Ұлттық ұланында кадрлық тағайындаулар жүзеге асырылды.

Дәлірек айтқанда, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, сондай-ақ «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының жаңа қолбасшылары тағайындалды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасы бойынша жаңа басшыларды жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков таныстырды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары лауазымына генерал-майор Бекайдар Қазкеев тағайындалды. Ол ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1991 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қызмет жолында түрлі лауазымдарды абыроймен атқарған тәжірибелі офицер. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы қызметін атқарған.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Нұрлан Мұхамедов тағайындалды. Ол ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1996 жылдан бері әскери қызмет атқарып келеді. Әр жылдары түрлі басшылық лауазымдарды атқарып, мол қолбасшылық және жедел басқару тәжірибесін жинақтаған. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған. 2021 жылдан осы уақытқа дейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық Бас басқармасын басқарған.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Нариман Акбаров тағайындалды. Ол ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1994 жылдан бері қызмет етеді. Қызмет барысында түрлі жауапты лауазымдарды атқарып, білікті әрі кәсіби басшы ретінде өзін көрсетті. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және бірқатар наградалармен марапатталған. 2022 жылдан осы уақытқа дейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметін атқарған.

Тағайындау кезінде офицерлердің кәсіби тәжірибесі, жоғары даярлық деңгейі мен әскери қызметтегі еңбегі ескерілді.

Жаңа басшыларды таныстыру барысында оларға қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетті одан әрі нығайту, жауынгерлік әзірлікті арттыру және құқықтық тәртіп әскерлеріне жүктелген міндеттерді тиімді орындау бағытында нақты міндеттер қойылды.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі