Өңірдің экологиялық дамуы: табиғатты сақтау және тұрақты болашақ үшін заманауи шешімдер

Өңірдің экологиялық дамуы: табиғатты сақтау және тұрақты болашақ үшін заманауи шешімдер

Қостанай облысындағы экология стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.
Қалалардың дамуы мен тұрмыстық қалдықтардың көлемінің артуы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды талап етеді. Осыған байланысты коммуналдық қалдықтарды басқару саласына бөлек жинау, сұрыптау, кәдеге жарату және қайта өңдеу үдерістері енгізілуде.

Мәселен, қалдықтарды бөлек жинау (пластик, әйнек, қағаз, ірі көлемді қалдықтар, сынап құрамдас қалдықтар, электрондық және электрлік жабдық қалдықтары) 61 елді мекенде жүзеге асырылып, 2100-ден астам арнайы контейнерлер орнатылды.
Қалдықтарды сұрыптау жұмыстары 29 елді мекенде жүргізілуде. Сұрыптау қолмен және 7 қоқыс сұрыптау желісі арқылы іске асырылады.

Облыста 14 жекеменшік компания қайталама шикізатты қайта өңдеп, 17 түрлі дайын өнім шығарады. Атап айтқанда: геотор, геотекстиль, геокомпозит, геоқаңқа, полиэтиленнен жасалған газ және су құбырлары, кабельге арналған құбыр, полимер-құмнан жасалған тас төсеніш, кәріз құдығына арналған қақпақтар, резеңке үгінді, жұмыртқа салатын қорап, шлакоблок, пиролиз отыны, ПВХ панельдер, инертті материал, пластик жәшіктер, пластиктен жасалған бензобактар.

Бұрынғы жылдарда қалдықтарды қайта өңдеу көлемі аз болғанымен, бүгінде айтарлықтай ілгерілеу байқалады: қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2017 жылы 1,8%-дан 2024 жылы 21,1%-ға дейін өсті. Осылайша көрсеткіш шамамен 12 есе артты, бұл өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Сонымен қатар, коммуналдық қалдықтарды басқару саласын дамыту мақсатында жекеменшік кәсіпорындар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ жеңілдетілген несиелері есебінен 2024–2025 жылдары жалпы құны 0,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырды. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 0,8 млрд теңгеге тең 2 жоба аяқталады. Ал 2026 жылы құны 6,9 млрд теңгені құрайтын жоба іске асырылмақ.