2025 жылғы 16 мамырда Астана қаласында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік бюросы, Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Білімнің болашағы: цифрлық трансформация дәуіріндегі форсайт және жасанды интеллект» тақырыбында оқыту тренингі өтті.
Іс-шараның мақсаты – жоғары оқу орындарының оқытушыларына форсайт құзыреттерін дарыту арқылы олардың инновациялық тәсілдерді білім беру процесіне енгізуге дайындығын арттыру. Тренинг аясында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қырларына ерекше назар аударылды.
Оқыту тренинг барысында қатысушылар ЮНЕСКО-ның болашаққа сауаттылық және жасанды интеллект этикасы жөніндегі тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ, болашақ сценарийлерін сараптау және білім беру жүйесіне этикалық әрі инновациялық технологияларды енгізу бойынша практикалық дағдылар қалыптастырылды.
Аталған шараға ҚР ҚМ МКК Ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Елубай Іңкәр Бауыржанқызы, ҚР ҚМ МКК Оқу-әдістемелік орталығының басшысы Абилова Ботагоз Нурсапаевна және бөлім басшысының м.а. Калиев Жунусбек Артурович қатысты.
Шара аясында баяндамалар жасалып, қатысушылардың белсенді талқылауы мен пікір алмасуы өтті. Қатысушылар болашақ білім беру жүйесін қалыптастыруда форсайт пен жасанды интеллектінің орны ерекше екендігін атап өтті.