Қазақстанда сыртқы электрондық сауда бойынша «пилоттық жоба» ұзартылды

Қазақстанда сыртқы электрондық сауда бойынша «пилоттық жоба» ұзартылды

         Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 4 шілдеден бастап, 2021 жылғы 5 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің №7 қаулысымен іске қосылған сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

       Мақсаттар мен ерекшеліктер. Жоба электрондық сауда тауарларын кедендік шекара арқылы халықаралық пошта жөнелтілімдері мен экспресс-жеткізілімдер арқылы әкелу кезінде кедендік әкімшілікті және тауарларды декларациялауды жеңілдетуге бағытталған. Оның шеңберінде электрондық сауда операторы ретінде «Қазпошта» АҚ әрекет етеді, ол тауарларды кедендік қойма (бонд қоймасы моделі) арқылы да, «тікелей» жеткізу кезінде де алушылар – жеке тұлғалар атынан кедендік декларациялауды жүзеге асырады.

     Нормативтік база. Пилоттық жобаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы» Кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді:
     - 45-1-тарау қосылып, электрондық сауданың тауарларын кедендік декларациялау және шығару ерекшеліктері белгіленді;
    - 544-бапқа өзгерістер енгізіліп, пилоттық жобаның өткізу мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін шектелді.

      Процестің дамуы және цифрландырылуы. 2024 жылғы маусымда шеңберінде «Қазпошта» АҚ-ның (Пошталық есеп жүйесі АЖ) және мемлекеттік кірістер органдарының («АСТАНА-1» АЖ) ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Бұл кедендік операцияларды айтарлықтай жеделдетуге және автоматтандыруға мүмкіндік берді.

      Пилоттық ұзарту. Жобаның оң нәтижелерін ескере отырып, оны өткізу мерзімі 2025 жылғы 10 ақпандағы № 164-VIII Қазақстан Республикасы Заңымен ұзартылды. Осы заңға сәйкес,  ЕАЭО кедендік аумағында сыртқы электрондық сауда бойынша ЕАЭО Кеден кодексі туралы Шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттама мен Еуразиялық экономикалық комиссияның тиісті актілері күшіне енгенге дейін жалғасады.

       Ұзарту Қазақстанға кедендік әкімшілікті одан әрі цифрландыруға және сыртқы электрондық сауда қатысушылары үшін ыңғайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.