Жеке тұлғалардың көлік салығы

Жеке тұлғалардың көлік салығы

         Көлік салығы бойынша өзекті сұрақтарға жауаптар

       2024 жылға жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі қашан аяқталады?

      - 2024 жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталады.

       2024 жылға салықты есептеу кезінде қандай айлық есептік көрсеткіш қолданылады?

      - 2024 жылға салықты есептеу кезінде 2024 жылы қолданылған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге мөлшерінде қолданылады.

       Жеңіл автомобильдерге көлік салығы қалай есептеледі?

      - Салық автомобильдің қозғалтқыш көлемі мен АЕК негізінде есептеледі. Қозғалтқыш көлемі неғұрлым үлкен болса, салық та соғұрлым жоғары болады. Қозғалтқыш көлемі 1 500 см³-ден асатын автомобильдер үшін базалық мөлшерлемеге әрбір қосымша текше сантиметр үшін 7 теңгеден қосылады.

       Көлік салығын төлемеген жағдайда қандай шаралар қолданылады?

    - 1 сәуірден бастап салықтың кешіктірілуіне айыппұл есептеледі. Қарызды өтеу үшін борышкерге хабарлама жіберілгеннен кейін 30 жұмыс күні беріледі. Қарыз мөлшері 1 АЕК-тен асқан жағдайда салықтық бұйрық шығарылады. Егер қарыз өтелмесе, сот орындаушылары есепшоттар мен мүлікті бұғаттауы мүмкін.

      Көлік салығының сомасын қалай білуге болады?

    - Көлік құралдары салығының сомасын kgd.gov.kz веб-порталындағы калькулятор арқылы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында өздігінен есептеуге болады.

      Көлікті сенімхат арқылы сату кезінде салықты кім төлейді: меншік иесі ме, әлде сенім білдірілген тұлға ма?

    - Салық көлік құралын сенімхат бойынша басқа тұлға пайдаланса да, көлік құралының иесіне есептеледі.

     Көлік салығын төлеуге кімдер міндетті?

    - 490-баптың 1-тармағына сәйкес, көлік құралдары салығын төлеушілер салық салу объектілеріне меншік құқығы бар жеке тұлғалар болып табылады.

     Көлік салығынан қандай жеке тұлғалар босатылады?

    - ҰОС ардагерлері, КСРО және ҚР батырлары;

    - Көпбалалы аналар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналар;

    - Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар.

      Мұндай тұлғалар өз аттарына тіркелген бір көлік құралы үшін салық төлемейді. Егер көліктері бірнешеу болса, қалғандары үшін салық төлеу міндетті.