
2026 жылғы 27 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Канаданың Монреаль қаласында Дәрменсіздік мәселелерін реттеуші органдардың халықаралық қауымдастығының жыл сайынғы конференциясы және жалпы жиналысы өтті. Биылғы іс-шара «Өзара іс-қимылдан құқық қолдануға дейін: жасанды интеллект дәуіріндегі реттеушілік шеберлікке қол жеткізу» тақырыбына арналды.
Іс-шараға әлемнің 40-қа жуық елінен мемлекеттік органдар мен реттеуші ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференция барысында банкроттық жүйесін дамыту, реттеуді және қадағалауды жетілдіру, дәрменсіздік рәсімдерін цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану мәселелеріне негізгі назар аударылды.
Қазақстан банкроттық жүйесін дамыту және цифрландыру саласындағы тәжірибесін таныстырды.
Баяндама барысында Қазақстандағы банкроттықты реттеу жүйесінің құрылымы, сондай-ақ дәрменсіздік рәсімдерін цифрландырудың негізгі бағыттары таныстырылды. Дәстүрлі бақылаудан цифрлық және тәуекелге бағдарланған тәсілге көшуге ерекше назар аударылды.
Бұл тәсіл тәуекелдерді талдау үшін деректерді пайдалануды, жекелеген процестерді автоматтандыруды және мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды электрондық форматқа көшіруді көздейді. Бұл банкроттық рәсімдерін неғұрлым ашық, жедел және тиімді етуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның конференцияға қатысуы халықаралық кәсіби қоғамдастыққа банкроттық саласын цифрландырудағы отандық тәжірибені таныстыруға және шетелдік әріптестермен реттеу мен қадағалаудың заманауи тәсілдерін, оның ішінде жасанды интеллект пен аналитикалық құралдарды қолдану мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шара халықаралық тәжірибе алмасу және дәрменсіздік саласын реттеудің заманауи цифрлық тетіктерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылау үшін тиімді алаң болды.