Атырауда кәсіпкерлерге салық заңнамасындағы өзекті өзгерістер түсіндірілді

Атырауда кәсіпкерлерге салық заңнамасындағы өзекті өзгерістер түсіндірілді

       23 маусым күні Қазақстанның мұнайлы астанасы - Атырау қаласында, шағын және орта бизнес субъектілері өңірдегі ірі кәсіпорындармен белсенді өзара іс-қимыл жасайтын өңірде, «Халық бухгалтері 2026: бизнес пен МКК арасындағы ашық диалог» жобасы аясындағы кезекті семинар өтті.

     Іс-шараға MyBuh.kz интернет-бухгалтериясының өкілдері, кәсіби бухгалтерлер, салық консультанттары және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары қатысты.

    Кездесу барысында кәсіпкерлерге салық заңнамасының негізгі мәселелері бойынша, оның ішінде Салық кодексіндегі соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтар, салық міндеттемелерін орындау тәртібі, бухгалтерлік есеп жүргізудің ерекшеліктері, арнаулы салық режимдерін қолдану және мемлекеттік кірістер органдарының цифрлық сервистерін пайдалану мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

   Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

     Электрондық сервистерді дамыту мемлекеттік кірістер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы орайда, 2026 жылдың
қаңтар - мамыр айлары аралығында Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен барлығы 178 421 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның ішінде 177 944 қызмет немесе 99,7%-ы электрондық форматта ұсынылды.

    Семинар ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, салық заңнамасын қолданудың практикалық аспектілерін талқылауға және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтуға мүмкіндік алды.

    «Халық бухгалтері 2026» жобасы кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыруға, бизнес пен мемлекет арасындағы серіктестік қатынастарды дамытуға, сондай-ақ салық міндеттемелерін ерікті әрі адал орындау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.