Мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден тауарлар импорттау кезінде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті (328.00 СЕН) ұсынбау фактілері бойынша салық төлеушілерге хабарламалар жолданатынын хабарлайды.
Хабарламалар ақпараттық жүйелердің мәліметтері, оның ішінде тауарлардың орын ауыстыруы және ұсынылған салықтық есептілік туралы деректер негізінде қалыптастырылады.
Камералдық бақылау Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес салықтық тексеру тағайындаусыз жүргізіледі және салық төлеушіге анықталған сәйкессіздіктерді өз бетінше жою мүмкіндігін береді.
Хабарламаны орындау мерзімі оны тапсырған (алған) күннен бастап 30 жұмыс күнін құрайды.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес хабарлама мынадай жағдайларда орындалған болып танылады:
– егер мұндай өтінішті ұсыну талап етілсе, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш ұсынылған жағдайда;
– не өтініштің ұсынылмау себептерін көрсете отырып түсіндірме ұсынылған жағдайда.
Өтінішті не түсіндірмені ұсыну хабарламаның орындалған болып танылуына негіз болып табылады.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге келіп түсетін хабарламаларды уақтылы тексеруді және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен өзара сауданы жүзеге асыру кезінде салық заңнамасының талаптарын сақтауды ұсынады.