Дүниежүзілік банк МКК ҚМ РҚ қызметкерлері үшін үш күндік семинар өткізді

Дүниежүзілік банк МКК ҚМ РҚ қызметкерлері үшін үш күндік семинар өткізді

       2026 жылғы 25-28 мамыр аралығында Астана қаласында  Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлері үшін оқу семинарын ұйымдастырды. Іс-шара халықаралық салық салу және трансферттік баға белгілеу саласындағы салық қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды.

      Семинарды ҚМ МКК төрағасының орынбасары Нұржанов Жәнібек ашты. Ол Қазақстандағы салық әкімшілігін жетілдіру үшін мұндай ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, ведомство жұмысына озық халықаралық стандарттарды енгізудің қажеттілігін баса айтты.

      Семинардың алғашқы үш күнінде қатысушылар трансферттік баға белгілеу мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеді. Минералдарды өндіру және өткізу саласындағы баға белгілеу ерекшеліктеріне, қаржылық транзакцияларды салықтық бақылау тәсілдеріне, сондай-ақ дистрибьюторлармен жасалған операцияларды талдау тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Бағдарламаның жеке блогы ЭЫДҰ-ның Pillar One шеңберіндегі базалық дистрибуция қызметіне сыйақы төлеудің жеңілдетілген тәсілі — В сомасын (Amount B) талқылауға арналды.

       Семинардың маңызды оқиғасы трансферттік баға белгілеу саласында бай тәжірибесі бар Үндістанның салық органы өкілдерімен өткізілген виртуалды кездесу болды. Кездесу барысында тараптар компания ішіндегі мәмілелерді бақылаудың практикалық тәсілдерімен алмасты және осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

       Қорытынды күні 28 мамырда халықаралық салық салудың кең ауқымды мәселелеріне арналды: ғаламдық минималды салықты (Pillar Two) енгізу, пайыздарды шегеруді шектеу бөлігінде BEPS жоспарының 4-іс-қимылын қолдану, қосарланған салық салуды жою механизмдері, сондай-ақ салық органдары мен адал салық төлеушілер арасындағы әріптестік қатынастарды қалыптастыру құралы ретінде көлденең мониторингтің практикасы талқыланды.

     Өткізілген семинар ҚМ МКК-нің институционалдық әлеуетін нығайтуға және халықаралық салықтық ынтымақтастық жүйесіндегі оның позицияларын бекітуге елеулі үлес қосты.