
2026 жылғы 8–18 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы Жетісу облысы бойынша МКД «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің базасында мамандандырылған курстар өткізді.
2026 жылғы 8–10 сәуір аралығында «Теміржол», «Нұр-Жолы», «Алтынкөл-жол», «Қорғас» ХШЫО, «Алакөл», «Қалжат» және «Кеген» кеден бекеттерінің қызметкерлеріне арналған «Идентификация, профилирлеу және тексеру әдістері» курсы өткізілді.
Курстың мақсаты – кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді анықтау және профилирлеу әдістерін тиімді қолдану саласында қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру. Оқыту барысында күдікті белгілерді анықтау, мінез-құлық факторларын талдау және тексеру жүргізу кезінде негізделген шешім қабылдау бойынша практикалық дағдыларды дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар курс бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге, кеден саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау сапасын арттыруға, сондай-ақ бақылау іс-шараларын жүргізуде бірыңғай және стандартталған тәсілді қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл кедендік шекарадағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және мемлекеттік кірістер органдары жұмысының тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.
2026 жылғы 13–15 сәуір аралығында «Теміржол», «Нұр-Жолы», «Алтынкөл-жол», «Қорғас» ХШЫО, «Алакөл», «Қалжат», «Кеген» кеден бекеттерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша МКД қызметкерлеріне арналған «Инспекциялық-тексеру кешендері операторларын даярлау бойынша арнайы курстарды жаңарту және өткізу» курсы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – көлік құралдарын, тауарларды және жеке тұлғаларды тексеруді жүзеге асыратын қызметкерлердің, сондай-ақ инспекциялық-тексеру кешендері (ИТК) операторларының кәсіби деңгейін арттыру.
Бағдарлама аясында ИТК арқылы алынатын рентгендік бейнелерді дұрыс интерпретациялау дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушылар рентгенология негіздерін, бейнелерді талдау әдістерін меңгеріп, «Rapiscan» және «Smiths Heimann» жүйелерімен жұмыс істеу бойынша практикалық тәжірибе алды. Сабақтар теориялық және практикалық форматта, тікелей қолданыстағы өткізу пункттерінде өткізілді.
Курс барысында тыңдаушылар Moodle білім беру платформасында алдын ала және қорытынды тестілеуден өтіп, оның нәтижелері бойынша оқу материалын меңгеру деңгейі бағаланды.
Оқу нәтижесінде қатысушылар контрабандалық тауарлар мен заттарды анықтау және сәйкестендірудің заманауи әдістерін меңгеріп, көлік құралдары мен тауарларды тиімді тексеруді қамтамасыз ететін техникалық шешімдер, жасырын тасымалдау тәсілдерін анықтау және қауіпсіздік талаптарын сақтау туралы білім алды.
2026 жылғы 16–18 сәуір аралығында Теміржол, Нұр-Жолы, Алтынкөл-жол, «Қорғас» ХШЫО, «Алакөл», «Қалжат», «Кеген» кеден бекеттерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлеріне арналған «Сканерлеу жабдықтарымен жұмыс істеу және рентгендік құрылғылардың бейнелерін талдау» курсы өткізілді.
Курстың негізгі мақсаты – өткізу пункттерінде бақылау сапасын арттыру, оның ішінде техника мен персоналдың кешенді жүйесін қамтамасыз ету, РТҚ операторларының сканерленген бейнелерді білікті талдау және ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді бақылау дағдыларын қалыптастыру.
Курс бағдарламасына «Rapiscan», «Rapiscan DV», «Smiths Heimann» және «Heimann Container» рентген-телевизиялық қондырғыларымен жұмыс істеу, қауіпті заттарды әртүрлі бұрыштардан тануға арналған көру жаттығулары, профайлинг әдістері, сондай-ақ жасырын тасымалданатын қаруды, жарылғыш заттарды және өзге де тыйым салынған заттарды анықтау мәселелері енгізілді.
Оқыту барысында «Simfox» бағдарламалық симуляторы қолданылып, ол қару-жарақты, жарылғыш заттарды және есірткі құралдарын анықтау дағдыларын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Білімді бекіту мақсатында есірткі және жарылғыш заттардың, тыйым салынған бұйымдардың, әртүрлі елдердің валютасының және зергерлік бұйымдардың (алтынның әртүрлі сынамалары, күміс) муляждары қолданылған практикалық сабақтар өткізілді. Практикалық бөлім «Rapiscan» жабдығы арқылы рентгендік бейнелерді егжей-тегжейлі талдаумен қатар жүргізілді.
Оқыту бағдарламасы ОӘО басшысының орынбасары Касымкулова Л.Т., ОӘО ЦжҚО бөлімінің басшысы Қасымбеков А.П. және БАжКД бөлімінің бас маманы Кобекеева И.А. белсенді қатысуымен әзірленіп, іске асырылды, олар тренер-нұсқаушы ретінде қызмет атқарды.