
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі салық төлеушілердің (салық агенттерінің) таратылуы, қайта ұйымдастырылуы және қызметін тоқтатуы кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы №654 бұйрығына өзгерістер енгізді.
Аталған құжат 2026 жылғы 20 ақпанда №38022 болып Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелді.
Қабылданған өзгерістер ең алдымен микро және шағын бизнес субъектілері үшін кәсіпкерлік қызметті тоқтату рәсімдерін оңайлатуға және әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Осы Қағидаларда:
- Жекелеген санаттағы салық төлеушілер үшін қызметті тоқтатудың жеңілдетілген тәртібі белгіленді.
- Камералдық бақылау шарттарына сәйкес келетін микро және шағын бизнес субъектілеріне камералдық бақылау жүргізбестен қызметті аяқтау мүмкіндігі көзделген.
- Егер салық төлеуші қызметті тоқтату туралы өтініш берсе, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған салық есептілігі бойынша 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін камералдық бақылау жүргізілмейді.
Сондай-ақ тарату кезіндегі салықтық берешекті өтеу тәртібі нақтыланды. Мүлік жеткіліксіз болған жағдайда қалған берешек Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда құрылтайшылар (қатысушылар) есебінен өтеледі, бұл ретте Салық кодексінің нақты нормасына байланыстырылмайды.
Қабылданған шаралар бизнесті қолдауға және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Толық мәліметпен сілтеме арқылы танысуға болады http://zan.gov.kz/client/#!/doc/222326/kaz