
Жаңа Салық кодексінің 103-бабына сәйкес ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығару тек мына жағдайларда жүзеге асырылады:
1) жалпыға бірдей белгіленген режимнен АСР-ге көшу;
2) қызметін тоқтату немесе тарату.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен арнаулы салық режиміне (АСР) көшу кезінде салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламамен бір мезгілде салық органына ҚҚС бойынша тарату (ликвидациялық) салық есептілігін ұсынады.
Айта кету қажет, бұрын ҚҚС есепке жатқызылған тауар қалдықтары түріндегі айналым ҚҚС бойынша есептен шығарылған кезде салық салынатын айналым болып табылады.
Тауар қалдықтары түріндегі айналым бухгалтерлік есепте қайта бағалау мен құнсыздандыруды есепке алмағанда көрсетілген осындай тауарлардың баланстық құны бойынша айқындалады.
Тауар қалдықтары бойынша Салық кодексінің 205-бабына сәйкес ҚҚС бойынша есептен шығару күніне дейінгі күнге салықтық тіркелім жасалады.
Салық мөлшерлемесі айналым жасалған күнге қолданылады.
Бұл ретте, жаңа Салық кодексінің 103-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес ҚҚС төлеушіні тіркеу есебінен шығару арнаулы салық режимін (АСР) қолдану басталған күннен бастап жүзеге асырылады.
Осылайша, ҚҚС бойынша есептен шығару күнін және тауар қалдықтары түріндегі айналымға қолданылатын салық мөлшерлемесін айқындау үшін АСР қолдану басталған күн маңызды болып табылады.
Жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын салық төлеушілер үшін жаңа Салық кодексінің 716-бабы 8-тармағының 4) тармақшасына сәйкес АСР қолдану басталған күн ретінде қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсыну күні есептеледі.
Мысалы, егер қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама 2026 жылғы 5 қаңтарда ұсынылса, онда ҚҚС бойынша есептен шығару күні 2026 жылғы 5 қаңтар болып табылады және тарату (ликвидациялық) есептілік 2026 жылдың I тоқсаны үшін тапсырылады.
2026 жылдан бастап қолданыстағы арнаулы салық режимдері (шаруа және фермер қожалықтарына арналған АСР-ді қоспағанда) тоқтатылатындықтан, жаңа Салық кодексінің 840-бабында 2026 жылға дейін АСР қолданған салық төлеушілер үшін өтпелі ережелер көзделген.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін арнаулы салық режимін қолданған салық төлеушілер 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсырып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі жаңа арнаулы салық режиміне көшуге құқылы.
Бұл жағдайда ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізіледі және 2025 жылдың IV тоқсаны үшін тарату (ликвидациялық) есептілік тапсырылады. Тауар қалдықтары түріндегі айналым 31.12.2025 жылғы жағдай бойынша айқындалады және 12% мөлшерлеме қолданылады.
Ал 2026 жылы жалпыға бірдей белгіленген режимнен арнаулы салық режиміне көшетін салық төлеушілер үшін айналым жасалған күн ҚҚС бойынша есептен шығару күніне дейінгі күн болып табылады және 16% мөлшерлеме қолданылады.