Назар аударыңыз! Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа алаяқтық схемалары туралы ескертеді

Назар аударыңыз! Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа алаяқтық схемалары туралы ескертеді

       Алаяқтар өздерін мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, салықтық есептіліктің (270-нысан) жоқ екендігін айтып, «айыппұл» салынатынын немесе есептілікті тапсырмағаны үшін «банктік шоттар жабылады» деп қорқытады.

       Басқа алаяқтық тәсілдерге мессенджерлер (оның ішінде WhatsApp) арқылы Мемлекеттік кірістер комитеті немесе оның құрылымдық бөлімшелерінің басшылығының атынан бизнес субъектілерінің қаржылық мониторинг, тексеру немесе өзге де бақылау тізімдеріне енгізілгені туралы хабарламалар жіберу жатады.

       Аталған хабарламалар – салық төлеушілерді шатастыруға, олардың жұмысына кедергі келтіруге және кей жағдайларда бопсалауға бағытталған алаяқтық әрекеттердің көрінісі болып табылады.

       Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді тек төмендегі ресми арналар арқылы ғана ақпараттандыратынын назарға саламыз:
* eGov.kz және/немесе kgd.gov.kz порталдарындағы Салық төлеушінің кабинеті арқылы;
* Электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы ресми хаттармен;
* Расталған (верификацияланған) ресми әлеуметтік желілер мен мессенджердегі аккаунттар арқылы;
* ЕПИРГО gov.kz ресми интернет-ресурсында жарияланған баспасөз хабарламалары мен хабарландырулар арқылы;
* Байланыс орталығының 1414 нөмірлі жедел желісі арқылы.

       Белгісіз нөмірлерден келіп түскен, тексеріс жүргізу, қаржылық мониторинг тізімдеріне енгізу туралы қорқыту сипатындағы хабарламалар, сондай-ақ «Комитет өкілдерімен» хабарласуды, декларация тапсырмау мәселесін шешуді немесе банктік шоттарды бұғаттаудан «құтқару» үшін «көмек» көрсетуді сұрайтын өтініштер – алаяқтық әрекеттер болып саналады.

       Маңызды! КГД ақпараттық жүйелерінен салық төлеушілерге электрондық пошта, WhatsApp және Telegram арқылы хабарлама таратылмайды, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ешқашан кодтар, ЭЦҚ немесе жеке деректерді сұрамайды.

       Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды сақ болуға, жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, ақша қаражатын аудармауға, алынған хабарламалардың шынайылығын тексеруге және алаяқтардың арандатуына ермеуге шақырады.

       Өз салықтық және қаржылық қызметі туралы ақпаратты тек ресми көздерден алуды ұмытпаңыз.