Кедендік әкімшілендіру саласында МКК жасанды интеллект технологияларын меңгеріп жатыр

Кедендік әкімшілендіру саласында МКК жасанды интеллект технологияларын меңгеріп жатыр

      2025 жылғы 13–14 қазан аралығында Астана қаласында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде «Кедендік әкімшілендіруде жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында семинар өтуде.

      Іс-шара «Орталық Азиядағы сауда рәсімдерін жеңілдету» бағдарламасы аясында Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен ұйымдастырылды.

      Семинардың мақсаты – МКК мен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлерінің кеден саласында жасанды интеллект (ЖИ) және машиналық оқыту (ML) технологияларын қолдану жөніндегі құзыреттерін арттыру.

      Семинардың лекторы – кедендік әкімшілендіру саласындағы халықаралық сарапшы Джонатан Кох мырза. Ол сауда рәсімдерін жеңілдету, кедендік процестерді цифрландыру және тәуекелдерді басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу саласында 30 жылдан астам тәжірибеге ие. Сарапшы Дүниежүзілік кеден ұйымымен (ДКҰ), Азия даму банкімен (АДБ), БҰҰ және Дүниежүзілік сауда ұйымымен (ДСҰ) ынтымақтастық орнатқан.

     Семинар барысында жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларын кеден ісінде қолданудың практикалық аспектілері қарастырылуда, соның ішінде:

  • кедендік құн мен тәуекел профильдерін автоматты бақылау;
  • инспекциялық-тексеру кешендерінің деректерін талдау және контрафактілік өнімдерді анықтау;
  • электрондық декларациялау, көлік бақылауы және электрондық сауда саласында AI қолдану;
  • оқыту платформалары мен цифрлық білім беруде AI технологияларын енгізу;
  • кеден органдарының AI енгізуге дайындығын өзін-өзі бағалау құралдарын пайдалану және озық халықаралық тәжірибелерді зерделеу.

      Мұндай іс-шаралар МКК кадрлық әлеуетін нығайтуға, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға және Қазақстандағы кедендік әкімшілендіруде инновациялық тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.