Мемлекеттік кірістер комитеті еске салады, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін жеке тұлғалар – жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелері 2024 жылға мүлік салығын төлеуі тиіс.
Жеке тұлғалардың мүлік салығы салық органдары тарапынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайтын салық салу объектілерінің құны және меншік құқығымен иеленген нақты мерзім негізінде есептеледі.
Алдағы төлемдер сомасы көрсетілген салық туралы хабарламалар қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес ағымдағы жылдың шілде айында меншік иелеріне жолданды. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар түрінде салық сомасы жөнінде ақпарат жіберілді.
Осы ретте еске саламыз, 2025 жылдың 2 қазанынан бастап мүлік салығын уақытылы төлемеген тұлғаларға салықты кешіктіріп төлеу үшін өсімпұл есептеледі және жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламалар жіберіледі.
2025 жылдың 14 қарашасынан бастап берешек сомасы 1 АЕК-тен асқан жағдайда, борышкерлерге жеке тұлғаның берешегін өндіру туралы салықтық бұйрықтар жолданады. Егер аталған берешек салықтық бұйрық тапсырылғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде өтелмеген жағдайда, бұйрық аймақтық жеке сот орындаушыларының палатасына мәжбүрлеп орындату үшін беріледі.
Өз кезегінде жеке сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктік шоттарға және мүлікке тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіру шараларын қолдануға құқылы. Сонымен қатар, берешек 40 АЕК-тен асқан жағдайда азаматқа Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынуы мүмкін. Шетелге шығуға тыйым салу туралы ақпаратты https://aisoip.adilet.gov.kz/debtors сілтемесі арқылы білуге болады.
Айта кетейік, 2024 жылғы 19 тамыздан бастап салықтық міндеттемелерді мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Аталған тәртіп 20 АЕК-тен кем берешекті өндіруге берілген жағдайда қолданылады. Мұндай жағдайда өндіру нақты сот орындаушысына берілмейді, банк шоттарындағы ақшаға автоматты түрде тыйым салынады және мүлікке қатысты белгілі бір операцияларды жүргізуге шектеулер қойылады және т.б.
Сонымен бірге, жеңілдетілген тәртіпте мәжбүрлеп орындату, оның ішінде салықтық міндеттемелерді мәжбүрлеп өндіру кезінде жеке сот орындаушысының қызметін төлеу немесе жеке сот орындаушысына сыйақы (өндіріп алынған соманың 25%-на дейін) алынбайды.
Теріс салдарларға жол бермеу үшін, салықтық бұйрық жеке сот орындаушыларына жолданғанға дейін салық берешегі болған жағдайда уақытылы төлем жүргізуді ұсынамыз.
Салықтар бойынша берешектің бар/жоғы туралы мәліметті e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы (Электрондық сервистер → Салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі → ЖСН енгізу) және екінші деңгейдегі банктердің басқа да мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.