Қазақстан шығыс пен оңтүстіктегі халықаралық сауда қақпаларын күшейтіп жатыр

Қазақстан шығыс пен оңтүстіктегі халықаралық сауда қақпаларын күшейтіп жатыр

       ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасын орындау үшін Қаржы министрлігі кеден өткізу пункттерінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарын жүйелі бақылауды жалғастырып келеді.

       Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямовпен бірге ҚХР-мен шекарада орналасқан — «Майқапшағай» және «Бақты» (Шығыс Қазақстан облысы және Абай облысы), «Достық» автомобиль (Жетісу облысы) өткізу пункттерінде, сондай-ақ «Қалжат» (Алматы облысы) өткізу пунктіне барып қайтты.

       Аталған нысандарда қозғалыс жолақтарын кеңейту, көлік-жүк ағындарын басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу, заманауи сканерлер мен салмақ кешендерін орнату бойынша жұмыстар қолға алынған. Құрылыс ұйымдарға жұмыс қарқынын арттыру тапсырылды. Айталық, мердігер қосымша техниканы тарта отырып, 2 ауысымдық жұмысқа ауыстырылды.

       Тексеру қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетіне «Майқапшағай» бекеті басшысының лауазымды қызметіне қаншалықты сай екенін қарау ұсынылды.

       «Бақылау күн сайын жүргізіледі. Сол себепті бұған жеке жауапкершілік қарастырылған», деп атап өтті Қаржы министрлігінің аппарат басшысы.

       Жобалардың халықаралық маңыздылығы

  • «Достық» АӨП Транскаспий халықаралық бағытын қоса алғанда, Қытай – Еуропа транзиттік дәліздерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
  • «Қалжат» қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау және халық тұтынатын тауарлардың кері ағынын қамтамасыз ету үшін перспективалы арна ретінде қарастырылады.

       Цифрландыру және ашықтық векторы

       Барлық өткізу пунктінде жүк ағындарының онлайн-мониторингі бойынша цифрлы шешімдер енгізіліп келеді. Бұл шекарадан өтуді жеделдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

       Болжанып отырған нәтиже

        Осы жобаларды іске асыру кеденде көрсетілетін қызметтің сапасына байланысты жаңа стандартты қалыптастырады: жылдам әрі ашық бақылау, нақты мерзімдер, бизнес пен халықаралық тасымалдаушылар үшін жайлы жағдай. Болашақта бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзит көпірі ретіндегі рөлін нығайтады, тауар айналымының өсімі мен отандық экономика үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.