ЕАЭО аясында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және оның тиімділігі

ЕАЭО аясында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және оның тиімділігі

      Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірыңғай нарығында тауар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және бизнесті жүргізу үшін тең бәсекелестік жағдайларды қалыптастыру мақсатында Одаққа мүше мемлекеттер тауарлардың жекелеген түрлерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы шешім қабылдады.

       Осы мақсатта 2018 жылғы 2 ақпанда ЕАЭО шеңберінде тауарларды таңбалау туралы келісімге қол қойылып, ол 2019 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды.

       Таңбалау жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері мыналар:

  • Бизнес үшін – әкімшілік жүктемені азайту, тексерулер мерзімін қысқарту, әділетсіз бәсекеге қарсы күрес, тауарларды есепке алудың стандартталуы мен біріздендірілуі;
  • Азаматтар үшін – сатып алынатын тауарлардың сапасы мен заңдылығына кепілдік;
  • Мемлекет үшін – заңсыз айналым мен өнімнің жалған түрлеріне қарсы тиімді күрес.

       Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес, Таңбалаудың Бірыңғай операторының түсінігі мен функциялары айқындалған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен Бірыңғай оператор ретінде «Қазақтелеком» АҚ белгіленді.

       Таңбалау жүйесі тауарлардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкілікті тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етеді. Бұл ЕАЭО шеңберінде сауда рәсімдерін жеңілдетуге, контрафактіге тосқауыл қоюға және қағаз түріндегі ілеспе құжаттарды алып тастауға, сондай-ақ өзара сауданың статистикасын жақсартуға ықпал етеді.

      Темекі өнімдерін таңбалау Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 927 бұйрығымен бекітілген Ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта темекі өнімдерін айналымнан шығарудың үш тәсілі көзделген:

  1. Сатылым кезінде 2D-сканер арқылы кодты сканерлеу;
  2. Айналымнан ерікті түрде шығару туралы 30 күннен кешіктірмей хабарлама беру;
  3. Бөлшек сауда сатушысымен келісу арқылы автоматты түрде шығару.

      Жүйені енгізу өз нәтижесін бере бастады. Контрафактілік темекі өнімдерінің анықталған көлемі өткен жылғы 8,3 миллион қаптамадан ағымдағы жылы 4,8 миллион қаптамаға дейін қысқарды. Сонымен қатар, ресми түрде декларацияланған өнім көлемі артты, бұл салықтық түсімдерге оң әсер етті:

      2025 жылдың алғашқы 6 айында акциз түсімдері 151,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,6 млрд теңгеге көп (2024 ж. — 122,8 млрд тг).

      Әрбір азамат темекі өнімінің заңдылығын Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тексере алады, онда өндіруші, шығарылған күні және өнімнің заңды әкелінгені туралы ақпарат көрсетіледі. Егер код болмаған жағдайда немесе бүлінген болса, қолданушы сол қосымша арқылы уәкілетті органдарға тікелей хабарлама жолдай алады.

      Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді таңбалауға қойылған талаптарды мүлтіксіз сақтауға, ал азаматтарды тауар сатып алғанда мұқият болуға және цифрлық бақылау құралдарын белсенді пайдалануға шақырады.

      Бірлескен күш-жігердің арқасында біз көлеңкелі нарықты қысқартып, тұтынушылардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыра аламыз.