
Қарағандылық ZanTech стартапы заң көмегін көрсетудің жаңа үлгісін ұсынады: алдымен жасанды интеллект арқылы тегін бастапқы кеңес, одан кейін — тексерілген заңгерге жүгіну мүмкіндігі. Жоба онлайн-мамандарға деген сенімсіздік пен алаяқтық жағдайларының жиілеуіне жауап ретінде іске қосылған.

Жобаның негізін қалаушы, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі заңгер Сәуле Құсайынованың (оның 25 жылы құқық қорғау органдарында өткен) айтуынша, ЖИ-ассистент құру идеясы нақты тәжірибеден туындаған.
— Заң көмегінің сапасыз көрсетілуі қандай ауыр салдарға әкелетінін талай рет көрдім. Бүгінде адамдар қате кеңес алып, қаржысынан айырылып жатады, — дейді ол.
Команда пайдаланушыларға бастапқы көмекті тегін әрі қауіпсіз алуға, содан кейін ғана тексерілген маманға жүгінуге мүмкіндік беретін сервис құруды мақсат еткен.

Платформаның жұмыс істеу тетігі қарапайым: қолданушы қазақ немесе орыс тілін таңдайды. Одан кейін мәселенің сипаттамасын қалдырып, тегін бастапқы кеңес пен заңгерді іріктеу қызметін ала алады немесе ЖИ-ассистентті пайдаланады. Бизнес өкілдері үшін жеке коммерциялық ұсыныстар қарастырылған.
Заңгерлер «Заңгер кабинеті» арқылы міндетті верификациядан өтеді — біліктілігі мен жұмыс тәжірибесін растайды. Тек осыдан кейін олардың сауалнамалары сайтқа жарияланады. Мамандарға төлем іс аяқталып, нәтиже шыққаннан кейін ғана аударылады. Бұл сервис екі тарап үшін де кепілдік тетігіне айналады.
Платформаны Қазақстанның әр өңірінен пайдаланушылар қолдануда. Мәселен, клиенттердің бірі ZanTech көмегімен құжаттарын қалпына келтіріп, ұзаққа созылған құқықтық мәселелерін шешкенін айтқан. Тағы бір қолданушы жылжымайтын мүлікке қатысты кеңестердің қолжетімділігі мен кез келген уақытта көмек алу мүмкіндігін атап өткен.

Жоба Қарағандыдағы «Террикон алқабы» IT-хабының қолдауымен іске қосылды. Мұнда команда оқудан өтіп, құрамын жасақтап, инвестиция тартқан. Қазіргі таңда платформаны шамамен 500 адам пайдаланады.
ZanTech өкілдері сервистің еркін қолжетімді екенін, базалық заң көмегі тегін көрсетілетінін және мамандарды тексеруге ерекше мән берілетінін атап өтеді. Команда кез келген жағдайда алдымен бастапқы кеңес алуға кеңес береді — бұл жағдайды тереңірек түсінуге және салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.