
Қарағанды облыстық үстел теннисі федерациясы өңірдің спорттық аренадағы позициясын күшейтіп, шетелдік спортшылардың қатысуымен ірі турнир өткізуді жоспарлап отыр. 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы маусымның міндеттері федерацияны жуырда басқарған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен кеңесте қаралды.

Өңірде үстел теннисі жиырма жылдан астам уақыт бойы дамып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен шамамен бес мың адам айналысады. Үйірмелер Бұқар жырау, Қарқаралы, Ақтоғай, Абай, Нұра аудандарында, сондай-ақ Балқаш пен Теміртау қалаларында жұмыс істейді. Қарағанды мектебі дәстүрлі түрде елдегі ең нәтижелі мектептердің бірі саналады: оның тәрбиеленушілері республикалық жарыстарда топ жарып, халықаралық турнирлерде жүлдегер атанып, түрлі жас санаттары бойынша ұлттық құраманың сапына енген.

— Қарағанды облыстық үстел теннисі федерациясы спорт қауымдастығында жоғары беделге ие, өзіндік дәстүрі мен елеулі жетістіктері бар. Бүгінгі отырыс — өзекті мәселелерді талқылап, жұмыстың басым бағыттарын айқындап, таяу кезеңге нақты қадамдарды белгілеуге мүмкіндік, — деді Ермағанбет Бөлекпаев федерация басшысы ретіндегі алғашқы кеңесін ашып.

Федерация қоржынында екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Қазақстан Республикасының 37 спорт шебері бар. Сондай-ақ еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен жоғары санатты мамандардан құралған білікті жаттықтырушылар штабы жұмыс істейді.

Жуырда облыс құрамасы Қытайда өткен Азия кубогынан оралды: Алан Құрманғалиев қазақстандықтар арасында жалғыз өзі ширек финалға дейін жетіп, бірқатар мықты қарсыластарын жеңді. Қаңтар айының соңында ол Катарда өткен беделді халықаралық турнирде екі қола медаль жеңіп алды. Алдағы маусым бұдан да қарқынды болмақ: ірі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары жоспарланған, спорт резервін даярлау және көшбасшылық позицияны сақтау басты міндеттердің қатарында.

— Жоспарда — жоғары деңгейді сақтап, спортшыларымыздың шеберлігін арттыру, олар ел намысын халықаралық ареналарда лайықты қорғауы тиіс. Күнтізбе өте тығыз болады. Негізгі мақсаттардың бірі — 2022 жылғы жетістікті қайталап, қараша айында Клуж-Напокада өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында медаль жеңіп алу. 19 жасқа дейінгі санатта Қазақстан намысын Алан Құрманғалиев қорғайды, — деді облыстың аға жаттықтырушысы және федерация төрағасының орынбасары Эльмира Әлиева.
Сонымен қатар, биыл жазда қатысушылар құрамы ауқымды болатын ашық республикалық жасөспірімдер турнирін өткізу жоспарланып отыр. Материалдық-техникалық база мұндай деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді: Қарағанды үстел теннисі орталығы Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де үздіктердің бірі саналады. Бұл нысан түрлі деңгейдегі жарыстарды қабылдай алады.

Өңір басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға өткен маусымдағы нәтижелері үшін алғыс айтып, ақпараттық жұмысты күшейтуді және мектептерде үстел теннисін дамыту бағдарламаларын кеңейтуді ұсынды.
— 2025 жыл — тарих және сіздердің жинақтаған тәжірибелеріңіз. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмау керек: алда жаңа міндеттер, турнирлер, сапарлар мен жеңістер тұр. Баршаңызға табыс тілеймін, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу сындарлы диалог форматында өтті: жаттықтырушылар мен спортшылар дайындық үдерісі, жарыстар күнтізбесі және өңірде үстел теннисін одан әрі дамыту мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.