
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Достық үйінде өткен салтанатты жиынға саланың ардагерлері мен өңірдің ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген қазіргі еңбеккерлер жиналды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды, сондай-ақ құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыстады.
Салтанат алдында аграрлық саланың жетістіктеріне арналған көрме ұсынылды.
Көрмеде ауыл еңбеккерлерінің өңір тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған өнімдері қойылды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өзінің жылы лебізін жолдады.

Құттықтау мәтінін жиын барысында облыс әкімі оқып берді.
«Сіздердің ерен еңбектеріңіз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің берік негізі, қоғамның әл-ауқаты мен ертеңгі күнге деген сенімінің тірегі. Жоғары кәсібилік пен адалдықтың арқасында өңірдің агроөнеркәсіп кешені үздік нәтижелер көрсетуде», — делінген құттықтау хатында.

Облыста жыл сайын егіс алқаптары кеңейіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымы әртараптандырылып келеді. Мал шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін өндіру саласында тұрақты өсім байқалады. Соңғы жылдары аграрлық секторға салынған инвестициялар 2,4 есеге артқан. Биыл салада 31 жоба іске асырылып жатыр.

— Ауыл шаруашылығы — бұл жай ғана мамандық емес, өмір салты. Бұл — таңмен таласа тұрып, жауын мен аптап ыстыққс қарамай еңбек ету, барлық қиындыққа төтеп беру және ешқашан мойымау. Сіздердің еңбектеріңіз бен жетістіктеріңізді жақсы білеміз. Бәріміз де сіздермен мақтанамыз! — деді Ермағанбет Бөлекпаев. — Биыл облыста 915 мың гектар алқаптан астық жиналды. Бір миллион тоннадан астам астық бастырылды, 411 мың тонна картоп пен 73 мың тонна көкөніс өндірілді. Мұның барлығы — сіздердің маңдай тер еңбектеріңіздің нәтижесі. Соңғы жылдары майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі айтарлықтай артты. Бұл саланың тұрақтылығын нығайтып, климат пен нарықтағы өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін кеңейтеді.
Облыс әкімі атап өткендей, мемлекет аграрларшыларға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді — тек биылдың өзінде 24,3 млрд теңге субсидия бөлінген.
Еңбектегі ерекше жетістіктері үшін төрт маман мемлекеттік наградалармен марапатталды: «Құрмет» ордені, «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалі.

«Құрмет» орденімен Нұра ауданының «Асхат» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Нұритдинов және Бұқар жырау ауданының «Шатан» шаруа қожалығының жетекшісі Евгений Апеисов марапатталды.

– Біз ірі қара мал өсіреміз. Соңғы төрт жылда 800 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салдық. Қазір бордақылауда 600 бас мал тұр. Біздің ет негізінен Қарағанды нарығына жеткізіледі, сонымен қатар Астана мен Алматыдағы екі ет комбинатына да сатылады. Бұған қоса, біз егін шаруашылығын дамытамыз – зығыр мен бидай егеміз. Біздің қожалыққа қазір 13 жыл болды. Бұл мамандыққа кездейсоқ келген жоқпын: бұрын ет сатумен айналыстым, бірақ өнім жеткіліксіз болды. Сол себепті туған ауылға оралып, мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Менің еңбегімді бағалағандары өте қуантады. Бұл марапат – одан әрі еңбек етуге ынталандырады, – дейді Евгений Апеисов.
Қарқаралы ауданының ауылшаруашылығы ардагері Тойбек Оспанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол 16 жасында трактор тізгіндеген, кейін комбайнда жұмысын жалғастырған.
– Менің еңбек жолым 1963 жылы басталды, сол уақыттан бері туған Қарыншы ауылымдағы ауылшаруашылығы саласынан кетпедім. Өмірімді туған ауылымда өткіздім және бұл туралы ешқашан өкінген емеспін. Көпжылдық еңбегімнің назардан тыс қалмағанына қуаныштымын – бұл ауылдың өмір сүруіне сенім мен күш береді. Қазіргі уақытта көптеген жастар туған жерден кетіп жатады, бірақ мен оларға айтарым: өз туған топырақтарыңды сүйіңдер, – деп жастарға ақ батасын берді ақсақал.
Сондай-ақ салада үздік көрсеткішке қол жеткізген қызметкерлер ведомстволық наградалармен марапатталды.
Жыл сайын өтетін кәсіби байқаудың қорытындысы да жарияланды. Биыл «Үздік агроном» атағы Нұра ауданындағы «Шахтёрское» ЖШС маманы Сергей Нидеркельге берілді. «Үздік комбайншы» номинациясында Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС қызметкері Алексей Хилов жеңімпаз атанды. Мал шаруашылығы бойынша үздік маман — Қарқаралы ауданындағы «Атамұра Табыс» ЖШС директорының орынбасары Арман Байзақов.

«Еңбек адамы» номинациясында Ақтоғай ауданынан келген чабан Оралбай Құдабаев марапатталды.
Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі үздік кәсіпорындар да аталды. Олардың қатарында «Қарағанды-Нан» корпорациясы, «Апрель Құлагер» ет комбинаты, Құрма құс фабрикасы және «Нәтиже» сүт зауыты бар.
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту бойынша көшбасшы атанған компания — «Евразия Инвест LTD».
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.