
Нұра ауданында өткен «Жаңа белестегі жастар» форумында жас мамандарды қолдау, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау мәселелері негізгі тақырыпқа айналды.

Шараға оқушылар, студенттер, жас мамандар мен еріктілерден құралған 170-ке жуық қатысушы жиналды.

Форумды ашқан Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов жастардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлесін ерекше атап өтті.
— Ауданымызда жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы — жаңашылдықтан жасқанбай, үздіксіз білім алып, еңбектеніп, жауапкершілікті сезіне білу, — деді аудан әкімі.

Форум барысында үздік жас мамандарға салтанатты түрде марапаттар табысталды. Жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша анықталды.

Олардың қатарында жас педагогтар, спортшылар, жұмысшы мамандық өкілдері, мәдениет қызметкерлері және азаматтық бастамаларды қолдаушы белсенді жастар бар.

«Үздік жас жұмысшы маман» атағы Шахтёрское ауылынан келген самосвал жүргізушісі Захар Кручининге берілді. Ол үлкен техникаға қызығушылығы бала кезден басталғанын айтады.
— Әкем ауылымызда механизатор болып жұмыс істейді. Кішкентай кезімде ол мені тракторға мінгізіп алатын. Бірақ маған жүк көлігін жүргізу ерекше ұнайды. Бұл жұмысты басқа салаға ештеңеге айырбастамас едім, — дейді Захар. — Нәтижеге жеткің келсе, істі адал ниетпен және бар күш-жігеріңді салып атқару қажет.

«Жауапты жас азамат» номинациясы бойынша марапат ауданның аға прокуроры Алмаз Дулатұлына бұйырды. Оның айтуынша, бұл жеңіс — күнделікті табанды еңбектің нәтижесі.
– Менің жұмысымда ең бастысы — адамдар алдындағы жауапкершілік. Азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, олардың мәселелерін шешуге тырысу керек. Еңбегіңді бағалауы — үлкен әрі жақсы қолдау, — дейді Алмаз.

Форум аясында елордадан шақырылған спикерлердің қатысуымен «Эмоционалдық интеллект және көшбасшылық» тақырыбында арнайы тренинг те өткізілді.

Форумды Нұра ауданының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.