Қарағанды облысында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында сала үздіктері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері құрметке бөленді.
Оларға облыс әкімінің сыйлықтары, құрмет грамоталары және алғыс хаттар табыс етілді.
– Сіздердің жауапкершіліктеріңіздің, мейірімділіктеріңіздің және кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында мыңдаған адам тек көмек алып қана қоймай, өмірге деген сенімін қайта табуда. Әлеуметтік қорғау саласы – жай ғана мамандық емес. Бұл – жүрек пен жанның еңбегі, төзімділік пен адамгершілікті талап ететін іс. Сіздердің әр шешімдеріңіздің астарында – адам тағдыры жатыр. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн сіздердің еңбектеріңіздің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салсын, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.
Бүгінде өңірде 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Олардың 95 пайызы қажетті оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген. Барлық аудандарда «Инватакси» қызметі жұмыс істейді, көпқабатты тұрғын үйлерге көтергіш құрылғылар орнату жобасы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, менталды ерекшелігі бар балаларды кәсіптік оқыту бағдарламасы қарқынды дамып келеді. Қарт адамдарға арналған алты белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.
Қазір төрт оңалту орталығында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал жыл соңына дейін 125 орындық жаңа орталық ашылып, онда менталды бұзылыстары бар балаларға көмек көрсетілмек.
Мереке аясында әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген үздіктерге облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығы он аталым бойынша табысталды.
Шет ауданының С. Сейфуллин ауылынан келген Роза Оспанова «Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымының иегері атанды. Ол 16 жылға жуық уақыт бойы ауылдастарына қолдау көрсетіп келеді.
– Менің қамқорлығымда бес адам бар. Оларға мен әрі дос, әрі көмекшімін: біріне азық-түлік әкеліп берсем, екіншісіне үй шаруасында жәрдемдесемін. Кейде жай ғана әңгімелесіп, көңілін көтеремін. Көпшілігі үшін мен ең жақын адаммын, – дейді Роза Оспанова. – Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Денсаулық, ұзақ ғұмыр және еңбекте сәттілік тілеймін!
Арнайы «Рухы биік тұлға» номинациясында, яғни өңірдің дамуына үлес қосқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында жеңімпаз атанған – Шахтинск қаласының тұрғыны Айнұр Бәкел. Ол паралимпиадалық үстел теннисі құрамасының мүшесі әрі балалар мен ересектерге арналған жаттықтырушы.
– Бұл марапат мен үшін күтпеген сый болды. Жеті жыл бұрын үстел теннисімен айналыса бастадым. Ал биыл қыркүйекте мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған секция аштым. Қазір 12 адам жаттығады. Өзімнің білгенімді оларға үйретіп жүрмін, – дейді Айнұр. – Ең басты жетістігім – спорт шеберлігіне үміткер атағын алу және жаттықтырушы болу мүмкіндігі.
«Кәсібіне адалдығы үшін» номинациясын №3-ші әлеуметтік қызмет көрсету орталығының еңбек терапиясы нұсқаушысы Үсеин Есенов иеленді. Ол бұл салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
– Біздің орталықта қолөнер және тігін шеберханасы, жылыжай бар. Сол жерде қызмет алушыларға қолданбалы өнерді үйретеміз, бақша өсіреміз. Адам еңбек арқылы өмірге қажетті дағдыларды меңгереді. Бұл жұмыс маған ұнайды. Еңбегіміздің бағаланғаны, осындай мерекенің ұйымдастырылғаны біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Үсеин Есенов.
Облыс әкімінің сыйлығын иеленгендер қатарында:
- «Әлеуметтік қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» – «Мой Дом» Халыққа әлеуметтік көмек және даму орталығы (Теміртау қаласы);
- «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үздік қызметкері» – Ерлан Төлеуов (аутизмі мен менталды ерекшелігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы, Қарағанды облысы);
- «Еңбек мобильділігі орталығы мен оның филиалының үздік қызметкері» – Жұмакелді Жетпісбай (Абай ауданының мансап орталығы);
- «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үздік қызметкері» – Анжела Литош (Приозерск қаласы);
- «Белсенді өмір салтын насихаттағаны үшін» – Дастан Үмітқалиев (Қарқаралы ауданы);
- «Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін үздік маман» – Айжан Байдельдинова (Қарағанды қаласы);
- «Жомарт жүрек» – Балқаш қаласының «Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігі.
Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді.